Соғыс қаупі ушығып тұрғанда әлемдік саясаткерлер Қазақстанның таңдауын үлгі тұтады - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соғыс қаупі ушығып тұрған кезеңде әлемдік деңгейдегі саясаткерлер ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның таңдауын әлем елдеріне үлгі тұтады. 21 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау және оларды жеткізу жүйелерін тарату қаупі тақырыбы бойынша министрлер деңгейіндегі жиынға қатысты сарапшы Санат Көшкінбаев осылай деп пікірін білдірді, деп хабардайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкінбаевтың пікірінше, тәуелсіздік таңы атарда Қазақстан көшбасшысы ядролық қарудан бас тартып, сол кезде-ақ көрегендігін таныта білген. Сол кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Назарбаев әлемге қауіп төндіретін ядролық қарулардың таралуы қазіргі заманның ең басты мәселесі екенін айрықша атап өткен.

«Сол себепті, 21 қыркүйектегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: «Қазақстан басшылығының батыл шешімі ядролық қарудың, оның құрамдас бөліктерінің, ядролық материалдардың және қос мақсатты технологиялардың зиянкестердің қолына түсу қаупін едәуір қысқартты» деп ерекше атап өтті. Тәуелсіздік алған 1991жылдан бері ядролық қарулардың әлем елдеріне таралуына жол бермеу және адамзат төнетін қауіп үшін қарусыздандыру бағытындағы жаһандық маңыздағы жұмыста Қазақстан шет қалған емес. Мемлекетіміз осы әрекеті арқылы халықаралық механизмдердің беки түсуінде айтарлықтай рөл атқарды. Қазақстанның бұл жауапты ұстанымы біздің еліміздің оң имиджін қалыптастырып қана қоймай, әлемдік қауіпсіздікті сақтауда айтарлықтай үлесін қосады», - дейді Санат Көшкінбаев.

Сарапшы өз сөзінде 2015 жылы өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Президенті БҰҰ-ның 100 жылдығына дейін, демек 2045 жылы ядролық қарудан азат әлемді құру туралы бастама көтергенін тілге тиек етеді. Одан бері де Президент тағы бірнеше мәрте осы бастаманы көтеріп, Қазақстанның үлгісімен әлем елдеріне бұл қауіпті жолдан бас тартуға шақырған.

«Сондықтан, Солтүстік Корея үшін Қазақстанның таңдауы өте үлгілі жол бола алады. Әлемдік дәрежедегі саясаткерлер, мәселен күні кеше ғана БҰҰ-да сөз сөйлеген АҚШ секілді алпауыт елдің Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон ядролық қаруға қатысты әлемдік мәселе ушығып тұрған кезеңде Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өтіп отыр. Американың алдыңғы президенті Барак Обаманың 2010 жылдан бастап ядролық қауіпсіздікке қатысты өткізген 4 халықаралық жиынына да Нұрсұлтан Назарбаев қонақ ретінде арнайы шақырылған. Барак Обама да өз сөзінде Қазақстанның саяси бағытының ядролық қарудан бас тарту шешімі әлем елдерінде кездесе бермейтінін айтқан болатын. Мұндай дәрежедегі жиындарға әлемдегі ең мықты деген жетекші 50 елдің басшылары қатысқан. Бұл тұрғыда қазақстандық позиция әлемдік дәрежеде өз бағасын алып жатыр», - дейді Санат Көшкінбаев.

Сарапшы сонымен қатар, қазір әлемде ядролық қаруға қатысты қауіп ушығып тұрғанын тілге тиек етеді.

«Қазақстан бірінші рет емес, өз бастамасымен ардайым әлем елдерін келісімге шақырып отыр. Ядролық қарудан бас тарту арқылы көршілес елдермен қарым-қатынасымызды бұзған жоқпыз, керісінше күшейте түстік. Бұл Қазақстан таңдаған ең ойлы шешім деп айтуға болады», - дейді Санат Көшкінбаев.

Соңғы жаңалықтар