Соғыс болып жатыр деп ойладық -Арыстағы жарылыста кіндік кескен мұғалімнің әңгімесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыстағы жарылыс кезінде жас ананы босандырып, «кіндікшеше» атанған атыраулық ЖОО мұғалімі Балбөпе Өтенова сол кездегі оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арыс қаласына Білім және ғылым министрлігінің өкілі ретінде шақырылып, ҰБТ аппелциясы отырысын өткізіп жатқан едік. Командада 12 адам болды. Оқытушылардың бәрі де еліміздің әрбір қаласындағы ЖОО-лардан жиналған. 24 маусым күні мектеп ішінде жұмысымызды бастап жатқанымызда бізге «сыртқа шығыңыздар» деген хабар келді. Алғашында мән бермегенімізбен, қатты дауыстан қорқып сыртқа шығуға тура келді. Абдырап сыртқа шықсақ, аспан айналып жерге түскендей, айналаның бәрі шуылдап кеткен. Соғыс боп жатыр деп ойладық», - дейді Балбөпе Өтенова Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің марапаты кезінде.

Атыраудағы мұнай-газ университетінде сабақ беретін мұғалімнің айтуына қарағанда, ауыл мұғалімдері министрліктің өкілдеріне жол көрсетіп, алыс елдімекенге бағыттап жіберген.

«Жан-жаққа бөлініп кеттік. Бір кезде Жанат, Шайза үшеуіміз ғана қалыппыз. Дәл он-ақ метр жерге келіп снаряд түсті. Біз қайда тығыларымызды білмей, үйлерден жертөле де сұрадық. Сөйтсек, ол үйлердің отбасылары да қашуға қамданып жатыр екен. Ақыры, бәріміз болып, қырға қарай жүгірдік. Артымыздан тарсылдаған жарқыншақтар түсіп жатыр. Қолыма телефонымды алып жолдасыма «екі қызыма ие бол» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым», - дейді Балбөпе Өтенова.

Арыстағы апаттан жаяу да, көлікпен де қашқан жұрттың ортасында қалған үш мұғалімге бір көлік кездесіпті. Ішіндегі жас жігіт өзін Досмұхамбет деген Арыстағы ҰҚК қызметкерімін деп таныстырып, мұғалімдерді ала кеткен.

«Жолда сыйғанша балаларды да ала кеттік. Төрт баласы бар бір келіншекті және әжейді отырғызып алдық. Әлгі әйелдің ең кішкентай баласы бір айлық сәби екен. Бір қыр асқаннан кейін бензині бітіп қалған бір көліктен аяғы ауыр келіншек түсіп жатыр екен. Бәріміз аяғы ауыр келіншекті көліктің алдына акушерімен бірге отырғызып алып, жақын маңнан ауруханаға іздедік. Ауруханалардың барлығы бос қалған екен. Келіншектің толғағы одан сайын жиілей берді. Көлік ішінде босандырып аламыз деп те ойладық. Жүргізуші жігіттің қайсарлығы мен пысықтығның арқасында Ақжар деген ауылға келдік», - дейді ол.

Шеттегі бір үйге тоқтаған мұғалімдер үй иесімен келісіп, келіншекті босандыруға бір бөлмені бөледі.

«Біздің бағымызға қарай сол үй - мейірімді Гүлмира деген апайдың отбасы екен. Жағдайымызды айтып едік, бізге бір бөлмені ұйымдастырып берді. Төсегімізді дайындады. Үшеуіміз де босандырып көрмеппіз. Акушерге көмектестік. Келіншектің босануына көмектестік. Нәрестенің кіндігі мойнына оралып қалыпты, абырой болғанда акушердің біліктілігінің арқасында нәресте аман-есен дүниеге келді», - дейді Балбөпе Өтенова.

23 жастағы Кенже деген келіншек осылайша екінші сәбиін өмірге әкелді. Ол 24 маусым күні толғағы басталып, Арыстың ауруханасына түскен екен.

«Акушер екеуі қашып-пысып жүгіріп біршама шақырымды басып өткен. Кенже снаряд жарылған сайын жерге отырып қалып, қатты қиналыпты. Алланың қалауымен осылайша, баланың кіндігін кесіп, кіндікшеше атанып отырмын. Өзімнің екі қызым бар. Өмірге келген Кәмилә үшінші қызым болды. Амандығын тілеймін. Сәбидің атын бізді Ақжар ауылына алып келген Досмұхамбеттің анасының атына құрмет ретінде қойдық», - дейді Балбөпе Өтенова.

Кіндікшеше атанған Балбөпе қазіргі уақытта Кенжемен телефон арқылы байланыс хабарласып тұрады.

«Кенженің де, қызымыз Кәмиләнің жағдайы жақсы. Біз әрекетімізді ерлік деп есептемейміз. Құдайға шүкір, командадағы 12 адамның бәрі аман-есен Шымкентке жетіпті», - деді ол.

Еске сала кетсек, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Арыстағы жарылыс кезінде жас ананы босандырып алған мұғалімдерді марапаттады. Шайза Доскеева, Балбөпе Өтенова, Жанат Нұржұманова - министрліктің атынан дәл осы үш мұғалім Арыста жарылыс болған кезде мектепте ҰБТ-ның апелляция отырысын өткізіп жатқан болатын.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Арыстағы жарылыс кезінде жас ананы босандырып алған мұғалімдерді марапаттады.

Соңғы жаңалықтар