SMS сервисі 25 жаста: Жылына 9 трлн хабарлама жіберіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 25 жыл бұрын әлемдегі алғашқы SMS-хабарламасы жолданды, деп хабарлайды ВВС . 

1992 жылғы 3 желтоқсанда Vodafone телекоммуникация гигантының тапсырысы бойынша технологиялық әзірлемелермен айналысатын Sema Group Telecoms фирмасының 22 жастағы инженері, британиялық Нейл Папуорт өз компьютерінен әлемдегі алғашқы SMS-хабарламаны жіберді.

Жас өнертапқыш Vodafone директоры Ричард Джарвистің ұялы телефонына жіберген мәтін екі сөзден тұратын еді: «Merry Christmas» («Рождество құтты болсын!»).

Папуорт тарихи оқиғаға қатысатыны жеті ұйықтап, түсіне кірмегенін айтады. Соңғы 150 жылда адамзат өмірін өзгерткен маңызды технологиялар АҚШ-пен байланысты. Бірақ біз «эсэмэс» (short message service - «қысқа хабарламалар қызметі») деп атап кеткен сервисті Еуропаның телекоммуникация өндірісшілері бірлесе іске асырды.

1984 жылы Копенгагендегі ғылыми конференцияда Nokia Networks-тың Финляндиядағы филиалының инженері Матти Макконен ұялы телефон арқылы қысқа мәтіндерді жіберу идеясын алғаш рет айтқан болатын.

Deutsche Telecom-ның маманы Фридхельм Хиллебрандт осы идеяны дамыта түсіп, латын әліпбиінің 160 таңбасынан және бос орындардан (пробел) құралған форматты ұсынды.

SMS пайдаланушылар арасында аса жоғары қарқынмен танылды. 2000 жылы әлемде 18 млрд айналасында SMS-хабарлама жөнелтілді, 2002 жылы бұл көрсеткіш 146 млрд-қа жетті, ал қазір жылына шамамен тоғыз триллион хабарлама жіберіледі, соның бір триллионы АҚШ-тың үлесіне тиесілі. Бұл - әлемдегі әрбір адам орта есеппен күніне 4 хабарлама жібереді деген сөз.

Соңғы жаңалықтар