Смайылов ЕҚДБ және ЕИБ басшылығымен жаңа инвестициялық жобаларды талқылады

None
Photo: primeminister.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өткен «Еуропалық одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо және Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) вице-президенті Тереза Червинскаямен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЕҚДБ басшысымен келіссөз барысында ҚР-дағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, соның ішінде автожолдарды реконструкциялау, кәріз-тазарту құрылыстары мен энергетикалық қуаттарды жаңғырту мәселелері талқыланды.

«Қазіргі уақытта біз экономикалық мәселелердің кең ауқымын қамтитын тығыз байланыстар орнаттық және оны одан әрі дамытуды көздеп отырмыз. Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға болатынына сенімдімін», — деді Премьер-Министр.

Мәселен, жақын күндері ЕҚДБ Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы өтіп, оның шеңберінде Қазақстанға жеке инвестициялық сессия арналды.

«Қазақстан Үкіметі ЕҚДБ-мен екіжақты мәселелердің кең ауқымы бойынша әріптестікті тереңдетуге дайын», — деп атап өтті ол.

Өз кезегінде Одиль Рено-Бассо ЕҚДБ Қазақстандағы жобаларға белсенді атсалысып жатқанын тілге тиек етті.

«Біз ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыратынымызға қуаныштымыз. «Жасыл» энергетиканы, жеке секторды және инфрақұрылымды дамыту жобалары біздің басымдық болып қала береді», — деді Одиль Рено-Бассо.

ЕИБ вице-президенті Тереза Червинскаямен кездесуде көлік-логистика саласындағы және агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық, атап айтқанда, инвестициялық және технологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

«Ең басым бағыттардың бірі – «жасыл» экономиканы дамытуды ынталандыру», — деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ ЕИБ-ті «жасыл» қаржыландыру және инновациялармен алмасу тұрғысынан Астана халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

«Біз бұл өңірде ұзақ уақыт жұмыс істеп келеміз және «жасыл» экономика бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді жоспарлап отырмыз. Бұл «жасыл» энергияны өндіру мен тасымалдауға, әртүрлі нысандар мен көлік саласының энергия тиімділігін арттыруға қатысты. Бұл тиісті инфрақұрылым қалыптастыруды және дамытуды қажет етеді. Біз сондай-ақ орта кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Тереза Червинская.


Соңғы жаңалықтар