Смайылов ЕАЭО туралы: Барлық шешімдер экономикалық прагматизмге негізделуі тиіс

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан ЕАЭО қызметі тек экономикалық бағытта болуы тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы қарсаңында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар ЕАЭО аясында кедергілерді жою, бұрын қабылданған стратегиялық құжаттарды іске асыруға ғылыми негізді күшейту, сондай-ақ Сауда және техникалық реттеу блоктары жөніндегі комиссия жұмысының мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан ЕАЭО қызметі тек экономикалық бағытта болуы тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады.
«Барлық шешімдер экономикалық прагматизмге негізделуі керек», — деді Премьер-Министр.


Өз кезегінде Михаил Мясникович Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының оң көрсеткіштері ЕАЭО елдерімен өзара сауданы одан әрі кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы 2-3 ақпанда Алматыда өтеді. Оған Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей үкімет басшылары, сондай-ақ Өзбекстан Премьер-Министрі ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет өкілі ретінде қатысады. Іс-шараның күн тәртібі сауда-экономикалық ынтымақтастық, техникалық реттеу, теміржол және мультимодальдық жүк тасымалы, энергетика және т.б. мәселелерді қамтиды.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар