Смайлов командасы дұрыс жұмыс істеуі керек - Жабал Ерғалиев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әзірге халықтың екі иығынан басып, еңсесін көтертпей қойған біраз мәселелердің шешімін айтып, жаңа Үкіметке нақтылы тапсырма бергені қуантады. «Ақмола-Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Ақмола облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақта «елің тыныш болса сен де тыныш боларсың» деген сөз бар. Сол рас екен! Жаңа жылдық мерекелі күндеріміз алаң көңілмен өтті. Әйтеуір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл әрі дұрыс шешімді жедел қабылдай білуінің арқасында Тәуелсіздік туы жығылмай қалды. Осы орайда Президент Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет»,-деп атап көрсетті.

Тағы да сабыр сақтап, жел сөзге ермей, бәрінің салдары мен себебінің анығы мен қанығы белгілі болған жағдайда ой қосармыз. Алайда, еліміздің батысы мен оңтүстігінде діннің жат ағымдары тарап жатқандығы және де олардың еркінсулеріне жол беріліп жатқандығы ертеден белгілі де болған-ды. Діни экстремизм ана бір жылдары Ақтөбеде бас көтеріп, бұл қауіптің бар екендігін аңдатып еді ғой. Экстремистік дін ағымдары өз еліміздегі әлдебір топтарға қажет те болды ма екен? Не де болса еліміздің қауіпсіздігі мәселесін ойлаған сәтте алдағы уақытта осы жайдың да есте болғаны керек», - деді Жабал Ерғалиев.

Сонымен бірге ол Мемлекет басшысы осы жолғы сөзінде халықтың ұзақ жылдар бойы күткен сөзін айтқанын атап өтті.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бізге керегі ақиқат қана!» деген бір ауыз сөзінің түп-төркінін ұғына білсек Қазақстанда әділдік пен ақиқат жолы енді басталып, сол әділдік пен ақиқат күні енді туатын болады. Әділдігі мен адалдығы жоқ қоғамның сотынан сол әділдік іздеудің өзі бекершілік екендігіне көздері де жеткен қара халықтың салы суға кетті. Амалдары таусылды. Қаңтар оқиғасының орын алуына да осы түрткі болған сыңайлы», - деп толықтырды Жабал Ерғалиев.

Ол атап өткендей, ендігі арада жүйенің жұмыс істеуін қолға алған абзал, яғни сол жүйенің әр тетігін қолына ұстап отырған кадрлар жеке бастың қамы емес, мемлекеттің, халықтың игілігі үшін жұмыс істеулері қажет.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әзірге халықтың екі иығынан басып, еңсесін көтертпей қойған біраз мәселелердің шешімін айтып, жаңа Үкіметке нақтылы тапсырма бергені қуантады. Сөз арасында айтар болсам, Әлихан Смайлов бастаған жаңа Үкімет енді өздерін халықтың Үкіметіміз деп жұмыс істеуге тиісті. Мемлекет басшысы елімізде кең көлемді саяси реформалар жүргізіліп жатқандығын және ол жалғасатын мәлімдеді. Өте орынды! Өйткені қоғамды бюрократия кеселі жайлап бара жатқандығы және бұл кеселден бәріміздің де айығуымыз керектігін айтты. Ендігі арада сол саяси реформалардың табысты әрі нәтижелі болуы үшін көкейде жүрге өз ой-пікрілерімзді ешкімнің ар-намысына тимей, биліктің құлағына байыпты жеткізе білейік. Біз «халық үніне құлақ асатын» қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Президент өз сөзінде «Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады»,-деп сенімді айтты. Қазақстандықтар біз де, еліміздің шынайы жаңару кезеңі басталып кеткендігін біліп, танып отырмыз!», - деп түйіндеді Жабал Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар