«SMARTCITY» - болашақтың қаласы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалалардың қарыштап дамуы, әлем халқы санының күрт артуы, кез келген мемлекеттегі түрлі мәселелер «ақылды қалалардың» пайда болуына себепкер болды.

 Мұндай шаһарлар арқылы қалалар экономикалық және мәдени орталықтарға айналып, әлемдік экомика мен қоғамдық ортаға тың өзгерістер әкеледі. Ал, жаңа технологиялар мен ақпараттандыру процесі болса жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан мегаполистің проблемасын тиімді шешуге ықпал жасайды. Сондай-ақ, «ақылды қалалар» мемлекеттік құрылым мен қоғамдық институттардың бірігуіне әсер етіп, тұрғындарға қауіпсіздік пен жайлылық сыйлайды. Бұған қоса, экологиялық тұрғыдан таза, экономикалық әлеуеті бойынша бәсекеге қабілетті қалаға айналады.

Сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ адамзат баласы жайлы өмірді аңсады, жақсыға жандары жақын болды. Соған жетудің бірден бір жолы ақылды ғимараттар еді. Сондай интеллектуалды ғимараттың бірі 1984 жылы АҚШ-та салынған болатын. Ол ғажайып «City Place» деп аталып, уақыт өте келе «smart city» деген атауды иеленді.

1980 жылы салынған интеллектуалды ғимаратта бейнебақылау жүйесі, қауіпсіздікті қадағалайтын жабдықтар, өздігінен жұмыс атқаратын аспаптар болған еді. Ал, қазіргі ақылды үйдің сәулеті мүлдем бөлек, қызмет көрсету тұрғысынан да дамыған, тұтастай ақпараттандырылған болып отыр. Мәселен, су мен газ, энергия көздерін пайдалану деңгейі анық көрсетіліп, тұрғындардың осыны білуінің арқасында үнемдеушілік жиі орын алуда. Бұны ақпараттандыру процесінің жетістіктері десек те болады. Соңғы кезеңдерде ақылды ғимараттар жаңа технологиялардың пайда болуы салдарынан техникалық революцияға ұшырады. Қазіргі ақылды ғимарат пен 1980 жылғы салынған интеллектуалды үйді салыстырсақ, айырмашылығы аз емес. Ал, негізгі ерекшелігі - ақпараттандыру жүйесінің енуінде дейді сарапшылар.

Британдық мамандар жүргізген зерттеу жұмысына сәйкес, қазіргі таңда әлемде 427 млн интеллектуалды ғимарат бар екен. Алдын ала жасалған зерттеу бойынша олардың саны 2020 жылы 1,04 млрд-ты құрайды деген болжам бар.

Бұған қоса, жер шары тұрғындарының саны жылдан жылға артуымен бірге көптеген мәселелер де қатар келуде. Мәселен, қоғамдық көліктің аздығы, емханалар мен білім беру саласындағы кедергілер. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік те қысып отырған жайы бар. Осы және өзге де себептерге байланысты біздің қазіргі қалалар «ақылды қалаларға» айналуы тиіс. Бұл өз кезегінде дамуға даңғыл жол ашып, уақыт пен тиімділікті арттырып, тұрғындарға жайлылық пен комфорт сыйлайтыны сөзсіз.

Әлемдік тәжірибе

Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, «Smart city» жобасы әлемнің 2500 қаласына енгізілді. Соның арқасында олардың көптеген қалалары дамып, тұрғындары жайлы өмірге қол жеткізді. Ал, ең үздіктеріне келер болсақ: Дания мемлекетінің Копенгаген қаласы. Осы жобаның арқасында әлемдегі ең жайлы, ең қолайлы қала атанып, экологиялық тұрғыдан ең таза аймақ саналады. Бүгінде Данияның астанасында 4G-дің қолжетімділігі жоғары, Wi-Fi-ға еркін қол жеткізу пункттері көп. Коммуналдық қызметтерді үйден шықпай-ақ смартфонмен төлей береді. Сонымен қатар, жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында зияткерлік көліктік жүйесі қалыптасқан және ақылды автотұрақтары бар.

Ал, Сингапурда көлік кептелісі атымен жоқ. Олар оған «Ақылды қала» жобасы аясында қол жеткізген. Онда әр көлікке арнайы орнатылған қондырғыға «кэш-карта» (In-Vehicle Unit) салынады. Қала қақпасына (ERP) кірер алдында картадан автоматты түрде тарифпен есептелген жолақысы алынады. Сингапурлық «ақылды жол» жүйесі көлік қозғалысын реттеуде тиімділігін дәлелдеді. Сондай-ақ, цифрландыру аясында электронды сауда жүйесін дамытып, ашық және жариялы үкіметтің қызметін қалыптастыра алған болатын. 

Жапонияның Токиосы да экономикалық дамудың даңғыл жолына осындай «ақылды қала» жобасы арқылы жетті. Олар барлық саланы компьютерлендіруге басымдық беріп, робот технологияларын әлеуметтік және өндірістік жұмыстарға тартты. Осылайша, экономикалық дамудың жолын тапқан еді. Аталған жоба қаладағы көптеген шаруашылық жұмыстары мен қызмет түрлерінің тиімділігін арттырып, инновацияларды дамытуға тартымды жағдай жасауда. 

Сан-Францискода «ақылды қала» жобасының арқасында қоғамдық көлік пен тұрғын үй шаруашылығы реттелген болатын. Көлікті және тұрғын үй шаруашылығы жұмысын қадағалап, бақылайтын 60-тан астам компьютерлік бағдарлама енгізілген. Сонымен қатар, өздігінен жүретін көліктер пайда болып, әлеуметке сапалы қызметін ұсынуда. Алдағы уақытта қалада жанар-жағармаймен жүретін бірде-бір көлік болмайды деген жоспарлары да бар.

«Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. Қазақстандық тәжірибе: Астана

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Smart City» жобасы қолға алынды. Ондағы мақсат - қала тұрғындарын жайлы өмірмен қамтамасыз етіп, қоғам өмірінің барлық саласын барынша автоматтандырып, өмір сапасын арттыру болып табылады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады» деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, «Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек» деп түйіндеген Мемлекет басшысы, «ақылды қалалардың» алатын орнына да ерекше тоқталған еді. Айтуынша, мұндай қалалар өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады.

 «Ақылды қала» жобасын алдымен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды сияқты қалаларда жан-жақты енгізу жоспарланып отыр. Осыған сәйкес, қазіргі таңда әрбір облыс қажетті бағытын таңдады. Ол бойынша, Астана - қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық сала, Алматы - көлік саласын тиімді басқару, Шығыс Қазақстан облысы - экология мен бизнес, Жамбыл облысы қауіпсіздік, Батыс Қазақстан облысы - денсаулық сақтау мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы, ал Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру саласында ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануы қажет. Бұл бағыттар әрбір аймақтың өзіндік дамуына жол ашып, жақсы нәтижелерге жетуге жәрдемдеседі.

Елордада осы жобаның аясында көптеген игі шаралар қолға алынды. Мәселен, смарт-емхана, смарт-мектеп, смарт-билеттер, смарт-төлемдер, смарт-көшені жарықтандыру, тұрғынның бірыңғай картасы, қауіпсіз қала (ТҚКЖ). Бұл жобалар қазіргі таңда біртіндеп жүзеге асырылып, өз тиімділіктерін көрсетуде.

nullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар