Smart ботаникалық бақтың тиімді тұсы көп - қызылордалық ғалым

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордалық жас ғалым Дархан Орынбеков заманауи Arduino технологиясымен «Smart ботаникалық бақ» жасау ісін қолға алды. Ол әлемдік және жергілікті бірегей флора туралы қазіргі заманғы деректерді қамтитын жоба қатарында саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Бұл жобаның тиімділігі неде ? Оның біздің тыныс-тіршілігімізде маңыздылығы қандай?

- Айта кетсек, Arduino – арнайы білімі жоқ, бірақ қызығушылығы жоғары қолданушыға арналған автоматика және робототехника салаларындағы әртүрлі электронды құрылғыларды жасауға арналған құрал. Оның бөлшегі датчиктерден белгі қабылдап, құрылғыларды басқара алады. Автономды режимде немесе компьютермен бірге жұмыс істейді.

Бақтағы өсімдік топырағына ылғалдылықты анықтайтын датчик қойылады. Сол датчик көрсеткіштері арқылы суару жүйесі автоматты түрде қосылады. Өсімдіктердің автоматтандырылған жүйемен 24 сағатта бір рет 10-15 минут суарылады. Ол өсімдіктің түріне де байланысты.

Рас, Қызылорда облысында өсімдік өсіру ешкімге оңай тимейді. Алайда, нақты істердің арқасында жергілікті мамандар оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. Десе де, бұл бағытта жаңашыл істердің де қажеттілігі туындайды. Осы орайда, ғалымдар тиімді жобаларды қолға алу мәселесіне ұдайы назар аударып келеміз.

Мен ұсынған жоба университет басшылығы тарапынан қолдау тапты. Оған университет ректоры тарапынан арнайы грант бөлінді. Енді сол қаржыға ойға алған жұмысымызды жүзеге асыруға күш саламын. Ол оң нәтижесін береді деген ойдамын.

- Қазір бұл жоба қайда жүзеге асырыл ып жатыр ?

- Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ботаникалық бақ ұйымдастырылған. Дегенмен, оған өз деңгейінде назар аударылмай келді. Онда өсетін жасыл желек түрлері сиреп кеткен. Сондықтан, осы мақсатта автоматтандыру шарасын қолға аламыз. Сәтті шыққан жағдайда алдағы уақытта жылыжайларға орнатуға көңіл бөлмекпіз.

- Мұндай жобалар елімізде бұдан бұрын жасалған ба?

- Иә, бұған ұқсас жобалар елімізде қазірге дейін де жасалған. Әзірге Астана және Алматы қалаларында. Ал, Қызылорда облысында алғаш рет қолға алынып отыр. Десе де, аталған технология бойынша бірінші жұмыс біздің өңірде жүзеге асып жатқанын айта кеткеніміз абзал.

- Жаңашыл іске назар аударуға не себеп болды?

- Өзім бұрыннан автоматикаға, ІТ саласына, роботехникаға қызығамын. Жақында Жаңақорған ауданындағы №110 мектеп-лицейіне барған едік. Үлкен бөлмеде өсіп тұрған көп өсімдік түрлерін байқадық. Мекеме мамандары «Бұл өсімдіктер қурап бара жатыр. Оған не істеуге болады?» деп сұрады. Сол кезде осы жоба ойға келген еді. Осыған байланысты ұсынысымды арнайы бағдарлама жасап, облыстық білім басқармасына да ұсындым. Ол басқарма тарапынан қолдау тапты, яғни ұсынылған бағдарламаны мақұлдады. Алдағы уақытта қаржылық мәселесі шешіледі деген ойдамын.

- Жобаның маңыздылығы қандай? Одан өсімдік өсіруге байланысты қандай тиімділік болады?

- Бұл жерде ботаникалық бақ немесе жылыжай болсын, ол жердің микроклиматтық жағдайы автоматты түрде бақыланады. Ол жерде адамның арнайы жүруінің қажеті жоқ. Оған тек қана су мен электр қуаты келіп тұрса болды. Басқа ештеңе керек емес. Ол көгалдандыруға, жасыл желек өсіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, «Жасыл мектеп» жобасын жүзеге асыруға жол ашады.

Жоғары оқу орындағы ботаникалық бақ ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, іс-тәжірибелік оқыту мақсаттарымен өсімдік өсіріп, оны зерттеу бағытында жасалған. Ол ботаникалық білімді насихаттайды.

Ботаникалық тірі өсімдіктердің колекциясын жинап, олардың көмегімен өсімдіктердің сан алуандығын және жердің өсімдік әлемінің байлығын зерттеуге болады. Ботаникалық бақтардың басты мақсаты – жаңа өсімдік түрлерін ашу, оларды кешенді зерттеу және интродукциялау.

Қашанда жасыл желек жанымызға сая болатыны белгілі. Сондықтан, оны өсіру технологиясын үнемі жетілдіріп отырғанымыз артық емес. Осыған байланысты біздің университет тарапынан нақы істер атқарылып келеді. Бұл бағытта алдағы уақытта да жасалатын жұмыстар баршылық. Осы орайда, нақты нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз. Оның аймақ өмірінде маңызы зор деп санаймын.

Аталған жобаға студенттер тарапынан қызығушылық ерекше. Олар жобаның қыр-сырына қанығуға көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта оң көрсеткішке қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар.

- Өзің жоғары оқу орнында қай жылдан бері қызмет атқарып келесің?

- Мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2017 жылдан бері қызмет атқарамын. Жоғары оқу орнында аға оқытушы ретінде студенттерге экология пәнінен сабақ беремін.

- Қолға алып жатқан тағы да қандай жобалар бар?

- Ғалым ретінде көптеген жаңа жобаларға назар аударуды жоспарлап жүрмін. Оларға байланысты еліміздің Жоғары білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруына ұсынуды жөн көріп отырмын. Дегенмен, әзірге ол жобалар жайында кеңірек айтуға ерте. Ол жоба да цифрландыруға байланысты болады. Жалпы, мен ұсынған жобалар экология, биологияны цифрландыру тақырыбында екенін айта кетейін.

- Әңгімеңе рақмет.


Автордың суреттері
Соңғы жаңалықтар