«Славян базары-2019» фестиваліне Қазақстан атынан кім қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Славян базары-2019» фестивалінде Қазақстан намысын Әділхан Макин қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына сілтеме жасап.

Осыдан бір ай бұрын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академисыныңэстрада өнері факультетінде «Витебскідегі Славян базары -2019» XXVIII халықаралық өнер фестиваліне ұлттық іріктеу туры өткен болатын. Оған бүкіл елімізден 36 үміткер қатысты. Академия ректоры Асхат Маемиров, ректордың шығармашылық жұмыстар және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, танымал әнші Сәкен Майғазиев, эстрада өнері факультетінің деканы Бағым Мұхитдинова, танмалы эстрада әншісі Әлішер Каримов және «Славян базары» фестивалінің өңірлік ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімовадан жасақталған төрешілер іріктеу кезеңіне 18 үміткерді жіберіп, оның ішінде ең жоғары балл жинаған 2 конкурсқа қатысушы іріктеп алынды.

Жалғыз жолдаманы академияның эстрада өнері факультетінің үшінші курс студенттері Ерік Төленов пен Әділхан Макин өзара сарапқа салды. Оларды қосымша тыңдау үшін екі апта дайындық кезеңі берілді. Қосымша тыңдау кезінде Әділхан Макинді неғұрлым орнықты және орындау мәнері бойынша сенімді шықты. Осыған орай халықаралық фестивальге аталмыш өнерпазды жіберуді ұйғарды.

Айта кетерлігі, «Славян базары» фестивалінің өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова келесі жылғы фестивальге алдын ала тыңдаусыз Ерік Төленовтың баратынын хабарлады. Бірақ бір ғана шартпен - ол осы кезең ішінде халықаралық конкурста бас жүлдені иеленуі керек. Ұзамай, мамырдың 14-19 күндері аралығында Ерік Румынияның Браила қаласында өткен вокалистердің Георгий Григориу атындағы халықаралық фестиваліне қатысты. Ал дәл осы күндері Әділхан Макин Болгарияның Добрич қаласында өткен «Сарандев - 2019» XXVIII халықаралық поп-рок еуропалық жастар байқауында бақ сынады. Екеуінде де нәтиже айтарлықтай: Ерік әлемнің жиырма үш елінен келген әншілер қатысқан беделді сайыста атақты румын әншісі және музыканты Георгий Григориудың репертуарындағы әнді жаңа нақышта орындап, конкурстың Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ал Әділхан Макин Болгариядағы байқауда жүлделі 1-орынға ие болды.

24 мамыр күні Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров академияның оқытушылық-профессорлық құрамымен бірге екі жас әншіні қабылдап, алдағы өнер сапарларына ақжолтай тіледі.

Биылғы «Славян базары» фестивалі 8-17 шілде аралығында өтеді және оған әлемнің 18 елінен келетін әншілер қатысады деп жоспарланып отыр. «Славян базары» фестиваліне бұған дейін де бірнеше қазақстандық әншілер қатысқан. Солардың ішінен Әлішер Кәрімов 3-орын (2011 жыл), Димаш Құдайберген Гран-при (2015) , Әмре (Ернар Сәдірбаев) 1-орын (2018) иеленген.

Соңғы жаңалықтар