«Сколково» стартап турына қатысуға 200-ге тарта өтінім түсті - Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы менеджмент университетінде «Сколково» қорының қолдауымен Startup Tour Еуразиялық кезеңі басталды.

Almaty Tech Garden директоры Санжар Кеттебековтің айтуынша, инвесторлар мен сарапшылардың назарына биологиялық, медициналық технология, ауылшаруашылығындағы биотехнология, өнеркәсіптік технология, энергетика, ақпараттық технология өндірісі бойныша 200-ге тарта өтінім ұсынылды.

«Аталған шара Алматыда осымен 2 рет өткізіліп отыр. Бүгін отандық инноваторлардан бөлек Қырғыз республикасының инноваторларының жобалары қаралды. Негізгі міндет қызықты стартап бастамаларды ЕАЭО нарығына шығару. Инновациялар жаһандық нарыққа шыққан жағдайда ғана сәтті болмақ. Бұл оңай емес. Ресейдегі бизнес-орта біздікінен өзгеше», - деді С.Кеттебеков.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында таныстырылған 12 отандық жоба бойынша қазір инвесторлармен келіссөз жүргізілуде.

Биылғы бағдарламаның басты міндеті жас кәсіпкерлерді оқытуға бағытталған.

«Керемет жобалар рецессия кезінде гүлдеген. Дәл қазір жаңа технологияларды енгізетін сәт болып тұр. Белгілі бір уақыттан соң ірі кәсіпорындарда роботтандырылған өндіріс жұмыс жасай бастайды. Жұмыс орындарын жаңа инноваторлар басады», - деді «Сколково» қоры президентінің кеңесшісі Пекка Вильякайнен.

Еуразиялық кезеңнің қатысушылары Ресейде өтетін ірі стартап конференцияға қатыса алады. Сондай-ақ, оларға Almaty Tech Garden автономды кластерлік қорынан инвестицияға қол жеткізуге мүмкіндік туып тұр.

Соңғы жаңалықтар