СҚО: Жұмысшыларға 10 млн жуық теңге қарызы бар екі кәсіпорын банкрот деп танылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жұмысшыларына жалпы сомасы 9,9 млн теңге берешегі бар екі ауыл шаруашылығы кәсіпорны банкрот деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, «Есіл ауданының сервистік-дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 5 жұмысшысы болған. Кәсіпорынның оларға еңбекақы бойынша берешегі 4,3 млн теңге. Егін шаруашылығы саласында қосалқы қызмет, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін және халық тұтынатын тауарларды өндірумен, сатып алумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысатын агроөнеркәсіп кешенінің субъектілеріне қызмет көрсеткен.

СҚО бойынша Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ЖШС банкрот деп танылып, қазір конкурстық іс жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның Петропавл қаласындағы жер учаскесі 128,7 млн теңгеге бағаланып, электронды сауда сатып алушылардың жоқтығынан төрт рет өтпей қалды. Кредиторлардың жиналысында бағасы қайта қаралып, жақында электрондық сауда бесінші рет ұйымдастырылмақ.

Банкрот деп танылған кәсіпорындардың екіншісі - «Қайранкөл – Астық» ЖШС. Астықты қабылдап, сақтаумен айналысқан серіктестікте 30 адам еңбек еткен. Кәсіпорын өз жұмысшыларына бірнеше жылдан бері жөнді еңбекақы төлемеген. Қарызы 5,6 млн теңге. Қазір ЖШС-тің дүние-мүлкі есептеліп, бағаланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар