СҚО жолдарында түрлі макеттер пайда болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында автомобиль жолдарына түрлі макеттерді орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Көкшетау-Омбы» автожолының жиегінде тұрған жылқылардың макеті пайда болды. Жүргізушілер оларды Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлден шығатын жолдарда көреді. Алыстан қарағанда бұл макеттердің кәдімгі жылқылардан еш айырмашылығы жоқ. Оны полицейлер жолға шыққан жүргізушілердің назарын аударту үшін арнайы орнатқан. Жақын маңда жайылымдар бар болғандықтан, жолдың үстіне кез-келген уақытта мал шығып кетуі мүмкін. Бос жүрген түлік жол апатына себепші екенін естен шығармаған абзал. Осы мақсатпен аудан орталығындағы Кішкенекөл № 2 мектебіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде оқушының макеті қойылды.

Аудандық полиция бөлімі бастығы Руслан Әлижановтың айтуынша, Кішкенекөлде жол қауіпсіздігін нығайту үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Жөндеуден өткен көшелерде жаңа 44 жол белгісі пайда болды. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазан айында жергілікті әкімдік жаңа бес бейнекамера қоюды жоспарлап отыр.

«Бүгінде облыс жолдарына патрульдік машиналардың 14 макеті қойылды: әр ауданда бір-бірден және көлік қозғалысы көп Қызылжар ауданында 2-уі қойылды. Қажет болған жағдайды полиция қызметкерлері макеттердің орындарын ауыстыра алады. Жарқылдауық маяктар алыстан жүргізушіге көрінеді. Бұл – көлік иелеріне қауіпті учаскелерде жылдамдықты азайтып, назарды күшейтуі қажет екенін ескертеді. Нәтижесі бар, жүргізушілер арасындағы тәртіпті нығайтуда тиімділігін көрсетті», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар