СҚО жолдарында 8 қарашадан полиция саны артады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 52 мыңнан астам дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қарашадан еліміздің әр өңірінде «Қауіпсіз жол» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы басталады. Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу және анықтау. Өңір жолдарында осыған орай дүйсенбіден бастап патрульдік полиция жасақтарының саны артады.

Жыл басынан облыста жол қозғалысы ережелерін бұзудың 52 238 дерегі анықталған. Оның 6519 фактісі жылдамдықты асыру, 4761 – жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін бұзуы, 2068 – рульде телефонмен сөйлесу, 131 – қозғалыстың қарсы бағытына шығу. Көлікті мас күйде басқарғаны үшін полицейлер 972 жүргізушіні ұстады.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы 8-17 қараша аралығында өтеді. Мақсаты – жол-көлік оқиғаларын азайту, көлік тәртібін күшейту, сондай-ақ жолдардағы өрескел заңбұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу. Іс-шара кезеңінде қала сыртындағы автожолдарда, сондай-ақ қала мен елді мекендерде түнгі уақытта патрульдік полиция жасақтарының саны арттырылады. Аудандарда іс-шараға учаскелік полиция инспекторлары тартылатын болады», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сонымен қатар, маусымның ауысуына байланысты, полицейлер автокөлік иелерінен жазғы шиналарды қысқыға ауыстыруды, ал жаяу жүргіншілерден жолда екі есе сақ болуды және тәртіпті сақтауды сұрайды.

СҚО жолдарында 10 айда 151 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 28 адам қайтыс болып, 206-сы жарақат алған.


Соңғы жаңалықтар