СҚО жолдарында 60 шақты «ақылды» бейнекамера іске қосылады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жолда жүру ережелерін бұзуды тіркейтін 60 шақты аппараттық-бағдарламалық кешен жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолдағы тәртіпті қадағалауға көмектесетін «ақылды» бейнекамералар Петропавлда 16 қараша күні сағат 00.00-де қосылмақ. Осылайша полицейлердің бейнетехника паркі 58 нысанға көбейіп отыр. СҚО әкімдігінің қолдауымен 28 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешен мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту үшін 30 камера жолдарға орнатылды. Жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер жылдамдық режимін бұзғандарды, тоқта сызығынан өтіп кеткендерді, бағдаршамның тыйым салынған белгісін елемегендерді анықтауға арналған.

«Ақылды» техника автоматты режимде заңбұзушылықты тіркейді, көліктің маркасы мен мемлекеттік нөмірін анықтайды. Жылдамдық өлшеуіштер екі жаққа бағытталған және 250 км/сағ дейінгі жылдамдықты бұзуды тіркей алады.

«Жол жүрісі ережелерін бұзуды тіркейтін 28 аппараттық-бағдарламалық кешені және 30 қоғамдық қауіпсіздік камерасы орнатылды: республикалық жолдарда 8 аппараттық-бағдарламалық кешен, 14 – Петропавл қаласында, 2 – «Зияткерлік қиылыс» жүйесі, 4 - «Лег жүйесі». Бұл кешендер Петропавлда және республикалық маңызы бар жолдарда жұмыс істейді», - дейді СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы Жұлдыз Бағыт.

Тұрғындар жаңа «интеллектуалдық» бейнекамералардың орналасқан жері туралы толық ақпаратты әлеуметтік желілердегі СҚО Полиция департаменті мен Әкімшілік полиция басқармасының аккаунттарынан таба алады.


Соңғы жаңалықтар