СҚО жолдарында 420 мас жүргізуші ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында балалардың жазғы демалысы басталысымен полицейлер де профилактикалық рейдтерді көбейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мақсат - балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәулік сайын қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Петропавл қаласы бойынша - 23, облыс бойынша - 36 автопатруль кезекшілікке түседі.

«Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері - маневр жасау ережелерін бұзу, жолдың қарсы қозғалыс бөлігіне шығу, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы. Жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарын болдырмау мақсатында жыл басынан облыс жолдарында 5 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.

Нәтижесінде 29 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 420-сы мас күйде көлік құралын жүргізу фактілері. Облыс орталығында 118 мас жүргізуші ұсталды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ақпараты бойынша, жыл басынан балалардың жол-көлік травматизмі бойынша 13 жол-көлік оқиғасы тіркелген, одан 13 бала зардап шегіп, 1 бала қаза тапты. Жалпы, осы жылдың төрт айында облыс бойынша 61 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 7 адам көз жұмды, 74 адам жарақат алды.

СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев жол апатын болдырмау мақсатында жергілікті полиция бөліністерінің қызметкерлерін Жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарын анықтау бойынша тұрақты рейдтер өткізуге бағыттады. Сондай-ақ, жазғы мектеп демалысының басталуына байланысты полицейлер ата-аналарды балаларымен Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажетігі туралы әңгімелесуге және үйретуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар