СҚО жастарын не қызықтырады: Әлеуметтік зерттеудің қорытындысы жарияланды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мектептің жоғары сынып және колледж оқушылары арасында қазіргі жастардың ойы мен қызығушылықтарын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. 4 айға созылған жобаға 5 мыңға жуық жас қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік зерттеуге тапсырыс беруші – СҚО денсаулық сақтау басқармасы. Мақсат – жастардың саламатты өмір салтына көзқарасын білу. Өйткені интернеттің дамуы, түрлі гаджеттер, әлеуметтік желінің күнделікті өмірімізге енуі тұрмыс-салтқа айтарлықтай өзгеріс енгізді. Ал қимыл-қозғалыстың аздығы денсаулық пен дұрыс физикалық дамуға кері әсер етеді. Сондықтан бүгінгі жастардың тыныс-тіршілігін, құндылықтарын білу мақсатында «Жастар саламатты өмір салты үшін» жастар қоғамдық бірлестігі әлеуметтік сауалнама жүргізді.

Зерттеуге Петропавл және 13 ауданнан 8-11 сынып және колледж оқушылары, барлығы 4 703 респондент қатысты. Соның ішінде 65 %-ы – қыздар. Жауап бергендердің жартысы – мектеп оқушылары. Жас ерекшеліктеріне келер болсақ – 13 пен 25 жас аралығындағылар қамтылды.

Жастарға өмірлік құндылықтар бойынша сауалдар қойылды. Респонденттердің 91 %-ы бірінші орынға әке-шешесі мен отбасын қойды, екінші орынға денсаулықты шығарса, келесі кезекке достары сабақ және ақшаны қойды. Спорт, көңіл көтеру, махаббат, кітап оқу, компьютерлік ойындар төменгі сатыдан көрінді.

70 %-дан астамы денсаулықтарын жақсы және өте жақсы деп бағалаған. Зерттеу нәтижесі сұралғандардың 90 %-ы өз денсаулығын күтетінін көрсетті.

Саламатты өмір салтын қалай түсінесің деген сауалға жастардың басым көпшілігі есірткі қолданбау, арақ-шарап ішпеу, темекі шекпеу, спортпен айналысу және дұрыс тамақтану деп жауап берген. Мамандар респонденттердің саламатты өмір туралы түсінігі дұрыс қалыптасқан және оны ұстанады деп қорытынды шығарды.

Жалпы СҚО жастарының басым бөлігі өздерін бақытты деп есептеп, өмірлеріне көңілдері тояды. Жаңа білім алуға ашық, алайда оны кітаптан, мектептен немесе ұстаздан емес, ата-аналарынан, әлеуметтік желіден қабылдауға әзір.

Мамандар жастардың психикалық жағдайына алаңдаушылық білдірген. Сауалнамадан өткен оқушылар мен студенттердің арасында өзін қолайсыз сезінетін, көңіл-күйі болмайтын уақыттың жиі болатынын айтқан. Оған оқу үлгерімінің төмендігі, ақшаның жетіспеушілігі, денсаулықтың нашарлығы, жалғыздық, келбетіне көңіл толмаушылық, ата-аналардың түсініспеушілігі, әділетсіз баға себеп болады. Жастардың 45,5 %-ы белгілі бір жағдайда ешкімнен көмек сұрамай өз мәселелерін өздері шешуге тырысатындықтарын айтқан. Олардың арасында психологтан, мұғалімнен көмек сұрау кең таралмаған.


Соңғы жаңалықтар