СҚО жағажайларында ішімдік ішкендерге 300-ден астам айыппұл салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында суда болатын оқыс оқиғалардың алдын алу үшін құтқарушылар биыл 7 мыңнан астам рейд өткізді. Жағажайда спирттік ішімдік ішкендерге 316 хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Марат Мұратовтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 5 адамның ажалы судан болса, соның біреуі – бала. 31 адам құтқарылды. Былтыр суға кеткен 22 адамның алтауы бала.

Кеше Петропавл маңындағы Пестрое көлінде 25 жастағы жігіт суға батып кетті. Олар қалалық жағажайдан бөлек, арнайы жарақтандырылмаған жерде шомылған. Көлде кезекшілік етіп жүрген құтқарушылар қайықпен барып, мұның қауіпті екенін айтып ескерткенімен, жастар демалысты жалғастырған.

«Жастар катамаранды жалға алып, жүзген. Жағадан шамамен 8 метрге алыстап кеткен. Ол жерде көлдің тереңдігі 2,5-3 метрге жетеді. Осылайша 25 жастағы жігіт катамараннан құлап кеткен. Алғашында оны қасында болған достары құтқармақ болды. Бірақ еш нәтиже шықпаған соң ғана құтқарушыларды шақырыпты. Сондықтан олар кеш жеткен. Судан жігіттің денесін алып шығып, алғашқы медициналық көмекті көрсеткенмен еш нәтиже шықпады. Оқиға орнына шақыртылған жедел жәрдем де жігітті аман алып қала алмады», - дейді Марат Мұратов.

Маманның айтуынша, өңірде суға батқан адамдардың барлығы арнайы жарақтандырылмаған жерде суға шомылған. Осындай қайғылы жайттардың алдын алу үшін жыл басынан бері құтқарушылардың, полицейлер мен волонтерлердің көмегімен 7 мыңнан астам рейд жүргізілген. Нәтижесінде суды ортақ пайдалану ережелерін бұзған, яғни 324 бап бойынша 527 хаттама толтырылған, ал 440-бап – «спирттік ішімдік ішу» бойынша 316 хаттама толтырылып, айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар