СҚО: Үш рет мас күйде ұсталған жүргізуші бас бостандығынан айырылатын болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен демалыс күндері мас жүргізушілердің кінәсінен екі жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақжар ауданы Горьковское елді мекенінде «Приора» автокөлігінің жүргізушісі металл аркаға соғылып, қоршауларды зақымдаған. Медициналық куәландыру 42 жастағы ауыл тұрғынының мас екенін растады. Ол бір жылдың ішінде осымен үшінші рет полицияға мас күйде ұсталып отыр.

Бірінші рет ақпан айында ол көлікті мас күйде басқарғаны үшін жүргізу құқығынан 7 жылға айырылған және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған, алайда бұл оған сабақ болмапты. Шілде айында осыған ұқсас құқық бұзушылық жасағаны үшін ол сот үкімімен қоғамдық жұмыстарға тартылды және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Үшінші рет ұсталған ол енді қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.

Аққайың ауданында көлікті мас күйде басқарудың соңы ауыр жағдайға әкелді. Қиялы елдімекенінің 25 жастағы тұрғыны спирттік ішімдік ішсе де рөлге отырып, Астраханка ауылының маңында көлік тізгініне ие бола алмай аударылған. Салдарынан «Мерседес» автокөлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға емделуге жатқызылды.

«Масаң күйде рөлге отырған жүргізуші өз өміріне ғана емес, өзгелердің өміріне де қауіп төндіреді. Биыл заңнамадағы өзгерістерге сәйкес мас күйде көлік басқарғандарға жаза күшейтіле түсті. Бұл шара азаматтардың сана-сезімін нығайтуға бағытталған», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Жыл басынан СҚО жолдарында 851 мас жүргізуші ұсталды.


Соңғы жаңалықтар