СҚО түзеу мекемесінде сотталғандар ат әбзелдерін жасайды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің № 48 мекемеде жазасын өтеп жатқандар ат әбзелдерін жасауды меңгерді. Олардың қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы № 48 мекемеде 800-ге жуық сотталған бар.

Соның 160-ы ғана жұмыспен қамтылған. Мекеме аумағында 3 ЖШС және 5 ЖК ашылған.

Оның бірі «Осипов» жеке кәсіпкерлігі ат әбзелдерін жасаумен айналысады.

Бұл жерде былғарыдан жүген, ноқта, шылбыр, ертоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі жасайды.

«Кәсіпорын былтыр қаңтар айында ашылды. Бұл жерде 8 сотталған жұмыс істеп жатыр. Олар еңбекақыларымен берешектерін жабады, кейбірі қаражатты отбасына көмек ретінде жібереді. Жеке кәсіпкердің Петропавлда сауда орны бар. Шыққан өнімді сол жерде саудалайды. Облыс аудандарынан тапсырыспен істететіндер де бар», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД № 48 мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Рүстемов.


Жазасын өтеушілер жұмысқа орналасуға тырысады, өйткені осылайша мерзімінен ерте босап шығуға мүмкіндік бар.

Әрі жұмыс істегендіктен мұндағы уақыттары да тез өтеді.

Ол үшін ең бастысы жақсы мінездеме болуы қажет, тәжірибе маңызды емес, кез-келген жұмысты меңгеруге мүмкіндік бар.

«Бұл цехта ашылған күннен бастап жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс өзіме ұнайды, еңбекақыны керек-жарағыңды сатып алуға жұмсауға болады. Шығармашылық жұмыс. Осы жерде біраз нәрсені үйрендім. Тігін машинасына отырмас бұрын екі ай шеберлерден дәріс алдық. Қазір сурет те саламын, керек болса, қазақтың ою-өрнегімен безендіре де аламын. Бір тоқымды жасап шығу үшін орташа 3 күн уақыт керек. Тоқымның да түр-түрі бар ғой, спорттық, серуендеуге арналған, күнделікті, малшыларға арналған, соның бәрін жұмыс барысында ескеру қажет», - дейді жазасын өтеуші Дмитрий Бочанцев.

Бұдан басқа түзеу мекемесі аумағында сұйық май-күнжара, жұмсақ жиһаз, құрт шығарылады, автошеберхана, наубайхана, металл өңдейтін цех жұмыс істейді.

Мәселен сұйық май-күнжара цехында 17 сотталған еңбек етіп жатыр. Ал жалпы орташа еңбекақы – 50 мың теңге.



Соңғы жаңалықтар