СҚО түрмесіне смартфон шоколад ретінде кіргізілмек болды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемесіне әкелінген сәлемдемелердің бірінен ұялы телефон табылды. Байланыс құралын шоколад ретінде өткізуге тырысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/8 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушыға берілген сәлемдемені тексеру барысында шоколад плиткасының қаптамасына оралған смартфон табылды.

Мекеме аумағына өткізугі тыйым салынған затты тапқан қызметкерлердің айтуынша, сәлемдеме жіберушілердің тапқырлығына кейде таң қалмасқа болмайды. Бірақ олардың айласы іске аспай жатады. Бұл жолы да ұялы телефонды жабысқақ лентаға және фольгаға қос қабаттап орап, үстіне шоколад құйып жасаған екен.

«Жазасын өтеушілерге туыстары күн сайын сәлемдеме әкеледі. Азық-түлік, киім және басқа да қажетті заттар салынған орамалар мекеме аумағына кіргізілмес бұрын жіті тексеріледі. Сондықтан да рұқсат етілмеген мұндай заттарды кіргіземіз деп әуре болудың қажеті жоқ. Сәлемдемелерді жіберушілерге тыйым салынған заттарды ішке кіргізуге тырысқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы еске саламыз», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Сотталушы шоколадта жасырылған ұялы телефонды оған әзіл ретінде жиені бергенін айтты. Әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша тиісті материалдар жасалып, одан әрі шешім шығару үшін сотқа берілді.

Бұған дейін СҚО-да түрмеге 8 ұялы телефонды кіргізбек болғандар ұсталған еді. «Ваз 21099» маркалы автокөлігімен Қостанай облысынан келген 4 адам 8 телефонды, зарядтау құралдары мен сим карталарды колония аумағына лақтырмақ болған жерінен қолға түсті.


Соңғы жаңалықтар