СҚО түрмесіне сәлемдеме арқылы «трамадол» мен телефон кіргізілмек болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сотталушыға арналған сәлемдемеден «трамадол» таблеткалары, ұялы телефон мен есірткіге ұқсас зат табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі ЕС-164/8 түзету мекемесіне тыйым салынған заттар өткізілмек болды. Сотталушылардың біріне арналған сәлемдеме мекеме қызметкерлерінің күдігін тудырған. Тексеру кезінде екі шағын термостан «трамадол» синтетикалық анальгетиктің 20 таблеткасы, «ALTEL» және «Tele2» операторларының екі sim картасы бар «Nokia» телефоны, USB кабелі шыққан. Сондай-ақ есірткіге ұқсас белгісіз зат табылды. Мамандар оны анықтау үшін сараптамаға жіберді.

Егер зат шын мәнінде есірткі болып шықса, сәлемдемені жіберуші ҚР ҚК-нің 297-бабы («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Шамамен бір апта бұрын осы ЕС-164/8 мекемесіне сотталушының туысы смартфонды шоколад арасына жасырып кіргізбек болған еді. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылып, материалдар шешім шығару үшін сотқа берілді.


Соңғы жаңалықтар