ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы түзеу мекемесінде болған кісі өлтіру фактісіне сот үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, былтыр 9 қараша сағат 05:57 кезінде Айыртау ауданындағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің № 51 мекемесінде адам өлтіру фактісі тіркелді.
П. есімді сотталушы темір балғамен сотталған С-ны басынан бірнеше рет ұрып өлтірген.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің сөзімен, бейнежазбамен және сараптаманың қортындысымен дәлелденді.
Прокурор үкімдердің жиынтығымен П-ны 16 жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары, оның ішінде 5 жылды толық қауіпсіздік мекемесінде өтеу жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленушінің өкілі де прокурордың ұстанымымен келісті.
«Қылмыстың бұл түрі аса ауырға жатады, 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды көздейді. Сот сотталғанның кінәні жартылай мойындауын жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қабылдады, ал жазасын өтеп жатып қайта қылмыс жасауын ауырлататын мән-жай ретінде таныды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сот үкімімен адам өлтіргені үшін П-ға 12 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.
2020 жылы Қызылжар аудандық сотымен сотталған П.-ның жазасын өтемеген бөлігі де есепке алынды. Нәтижесінде ол алдағы 14 жылын түрмеде өткізбек.
П. жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде, алғашқы үш жылды толық қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сондай-ақ сотталғаннан жәбірленушінің өкіліне моральдық шығын өндіріп алынды.