СҚО түрмесінде киім және аяқ киім тігу цехтары ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесінде киім және аяқ киім өндірісі қолға алынып, жиырмаға жуық сотталған жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тігін цехтары орташа қауіпсіздіктегі ЕС-164/3 мекемесі аумағында орналасқан. Жұмыс орындарын «Еңбек-Қызылжар» филиалы ұйымдастырды. Сотталғандар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің мұқтаждықтары үшін киім-кешек, төсек-орын жабдықтарын және аяқ киім тігеді.

«Мекеме аумағында өндірістік секторды дамытумен қатар, сотталғандарды барынша жұмыспен қамтуды мақсат еттік. Олардың көпшілігін тігін машинкасымен жұмыс істеуге үйреттік, яғни жаңа мамандықты меңгерді. Төтенше жағдай режимі кезінде тігін цехы сұранысқа қарай қорғаныс маскаларын тігуге қатысты. Осы аралықта олар 27 мыңнан астам маска әзірледі. Дайын өнімнің бір бөлігі қылмыстық-атқару жүйесінің, әскери бөлімнің, Полиция департаментінің қызметкерлеріне берілді», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің бастығы Тамерлан Валиев.


Оның айтуынша, кейін ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес қорғаныс бетперделерін тігуге қатысқан сотталғандар сыйақымен марапатталды.

Қазір т ігін цехтарында жазасын өтеп жатқан 16 адам жұмыс істейді. Олардың 12-сі тігінші, 4-еуі етікші. Етікшілердің барлығының осы салада тәжірибесі бар. Аяқ киім тігу цехы ашылғаннан бері олар 200 жұп аяқ киімді тігіп пайдалануға берген.

«Қазіргі уақытта тігін және аяқ киім тігу цехтарының жұмысшылары жазасын өтеушілерге арналған киім мен аяқ киім тігіп жатыр. Дайын өнім ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген заттай нормаларға сәйкес облыс мекемелері бойынша сотталғандарға берілетін болады», - дейді мекеме бастығы.


Соңғы жаңалықтар