СҚО түрмелерінде бір жылда сотталғандар саны 540 адамға артқан

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер саны 540 адамға артқан. Сондай-ақ сотталғандардың өз-өзіне дене жарақатын салу деректері көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өткен жылды қорытындылады. Жиынға прокуратура өкілі қатысып, сотталғандар құқықтарының қорғалуы қадағалаушы органның назарында екенін атап өтті.

Былтыр СҚО-ның түзеу мекемелерінде сотталғандар саны 540 адамға көбейген. «Түрме халқының» өскеніне қарамастан, қылмыстық-атқару жүйесінің органдары тұрақты, жедел-режим жағдайын қамтамасыз еткен.

«СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде сотталғандар тарапынан өздеріне дене жарақатын келтіру деректері артқан. Қадағалаушы орган осындай әрбір жағдайды бүге-шігесіне дейін анықтауды және нақты себептерін білуді талап етеді. Мекемелердегі тұрақты жағдайға қол жеткізу үшін сотталғандардың құқығын таптап, оларды кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Мұндайдың кез келген түріне тыйым салынады», - деді СҚО прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов.

Биылдан бастап азаптауға қатысты істерді тергеумен заң бойынша тек прокуратура айналыса алады. Сондықтан түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың конституциялық құқығын сақтау және азаптау туралы түскен барлық арыз-шағымға дер кезінде ден қою қадағалаушы органның басты міндеті.

Осыған орай облыстың барлық колонияларында бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Арыз-өтініштер үшін терминалдар орнатылған.


Соңғы жаңалықтар