СҚО тұрғыны үйінде сирек кездесетін құстарды өсіреді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Александр Рожков ұстаздық қызметін тастап, құс өсіруді қолға алған. Қазір оның қорасында сирек кездесетін құстардың оннан астам түрі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Александр Рожков Қызылжар ауданы Архангельское елді мекенінде тұрады. Бұрын мектепте балаларға физика пәнінен сабақ берсе, қазір үйінде құстардың түр-түрін ұстап, өсірумен айналысады.

Бұл кәсіпті қолға алғанына 12 жыл болыпты. Қазір оның қорасында тауықтың бірнеше түрінен басқа тауысты да, қырғауыл мен көгершіндердің сирек кездесетін түрлерін де көруге болады.

«Мынау құлағы бар қырғауыл, ірі құс. Ұзындығы бір метрге дейін барады. Сондықтан болар, ұша қоймайды, артынан қуса – тоқтамастан ұзаққа жүгіреді. Мұның менде үш түрі бар. Қолымдағы тауығы, 2 жасар, әлі жұмыртқалаған жоқ. Келесі жылы ғана ұя салады. Қырғауылдың басқа түрлерімен салыстырғанда бұл қолға тез үйренеді, жуас, өсіруге жайлы құс. Бұларда матриархат, тауықтары әтештерін шұқып, күн көрсетпеуі мүмкін. Сол кезде олардың тұмсығына арнайы «көзілдірік» кигіземіз. Тамақты талғамайды, бәрін жей береді, көкөніс те, жеміс-жидек те – бәрін берем. Тағы бір кереметтігі – суыққа төзімді, иммунитеті жоғары болғандықтан ауырмайды да. Бұл құстардың қыста белсенділігі артады. Таңертеңнен кешке дейін тоқтамастан жеуі мүмкін», - дейді Александр Рожков.

Құлақты қырғауылдың Отаны – Қытайдың таулы аймағы. Тибетте кең таралған. Сондықтан болар Қызылжардың ауа райы бұл құсқа жаққан.

Тез жетіледі, сондықтан да болар қымбат тұрса да құс өсірушілер арасында сұранысқа ие.

«Мұндай біздің жақта сирек кездесетін құстарды негізінен интернет арқылы тауып, сатып аламын. Мәселен, осы 2 жасар құлақты қырғауыл 250 мың теңге шамасында тұрады. Ия, арзан емес, сондықтан мұндай құстарды екінің бірі асырай бермейді. Сирек құстарды түрлі көрмелерден де сатып аламыз. Ресейден көп әкелінеді. Ал Қазақстанда бұл құстарды көбіне оңтүстік өңірлер ұстайды. Бірақ олардың бұл жаққа бейімделуі қиын, өліп қалуы мүмкін. Сол себепті бізге климаты ұқсас Ресейдің солтүстік облыстарынан сатып алған тиімді», - дейді құс өсіруші.

Александр Рожковтың ауласы зообақ іспеттес. Құстарға қажет қораны да ауыл тұрғыны өзі салған.

Күтімі жақсы болғандықтан шеттен әкелінген қанаттылар бұл жақты жерсінген.

Отаны Африка мен Оңтүстік Азия елдері саналатын тауыстар тіпті, ұя салып, жұмыртқалай бастапты.

Құс өсірушінің коллекциясында сары немесе алтын түсті қырғауыл да бар. Сымбаты келіскен әдемі құс - Александрдың мақтанышы. Негізінен Қытайдың орталығы мен батысын мекендейді.

Жұмыртқасының пішіні тауықтыкіне ұқсас, 12-16 жұмыртқаға дейін табады, бірақ алып отырса, 30-ға дейін жұмыртқалайды екен.

Етін жеуге болғанымен, көпшілік оны әдемілігі үшін асырайды екен.

«Мына құс – кәдімгі қырғауыл, әдетте қырғауыл фермасын ашқанда осы түрінен бастайды. Бұл асырауға ыңғайлы, әрі бағасы да қолжетімді. Аңшылық қырғауыл деп те атайды, оны мойнындағы сақинасына қарап ажыратады. Ал тұмсығында мынадай «көзілдірігі» бар. Оны біз өзіміз кигізіп қоямыз. Ол не үшін керек? Құстың бұл түріне 1 шаршы метр аумақ бөлінуі керек. Ал бұл қорада олар көп, сондықтан өздерін агрессивті ұстайды. Бір-бірін шұқып тастамауы үшін жаңағыдай «көзілдірік» кигіземіз. Құс өскен сайын көзін көлегейлеп, «көзілдірігін» де үлкейтіп отырамыз. Осылайша құс алдындағысын көрмейді. Бірақ бұл оның тіршілігіне әсер етпейді. Ал көктемде, көбейер кезде, оны шешіп тастаймыз. Бір қорада әтешімен 4-5 тауығын ұстаймыз. Қырғауыл сәуір айының ортасынан бастап, тамыз айының соңына дейін жұмыртқалайды. Осылайша әрқайсы бір жазда 50-60 жұмыртқа береді. Бірақ олар балапанды өздері басып шығармайды, қолда ұстағаннан бұл қасиетінен айрылған. Сондықтан жұмыртқаны инкубаторға саламыз. 24 күнде балапан шығады», - дейді құс өсіруші.

Александр Рожковтың айтуынша, сүйікті іспен айналысқанда ғана оның нәтижесін көруге болады.

Құс өсіруді қолға алған кезде мүлде тәжірибесі болмаған ер адам, қазір қорасындағы әр құстың күтімі жайында бес саусағындай біледі.

Сол үшін ерінбей интернет ақтарады, кітап оқу арқылы білімін толықтырады.

«Бұл істен жаным рахат табады. Менің сүйікті ісім. Денсаулыққа да өте пайдалы. Күні бойы қозғалыста жүресің. Әрі құстың еті жеңіл, диеталық тағам, ағзаға пайдалы», - дейді ауыл тұрғыны.

Бұдан бөлек Александр Рожков жазда бау-бақша егіп, ара өсіреді. Болашақта ауласындағы құстардың түрлерін арттыра түспек.


Соңғы жаңалықтар