СҚО тұрғыны туысының кәмелетке толмаған қызын жезөкшелікке тартқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық өңірлерінде «STOP трафик» операциясының кезекті кезеңі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараның мақсаты - адам саудасы, заңсыз бас бостандығынан айыру, жезөкшелікпен айналысуға тарту, притондар мен жеңгетайлықты ұйымдастыру фактілерін ескерту және анықтау.

Жедел профилактикалық шара барысында 48 қылмыс анықталды, оның ішінде 3 факті - саудалау мақсатында бас бостандығынан айыру, екеуі – адам саудасы, 8 – жезөкшелікпен айналысу, оның ішінде бір факті кәмелетке толмағанды тарту. 35 факті жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін притондар ұйымдастырғаны және ұстауына байланысты тіркелді.

Мәселен, Алматы қаласында 2 порнографиялық студияның жұмысын ұйымдастырған қырғызстандық ер адам мен қазақстандық әйел ұсталды. Олар бұл студияда порнофильмдерді онлайн режимде түсіріп, Интернет желісінде көрсетіп отырған. Аталған факті негізінде ҚК 311-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Атырау облысында екі апта бойы күш көрсету арқылы Өзбекстан азаматын қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеген жергілікті тұрғын ұсталды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Операция барысында Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері туысқанының кәмелетке толмаған қызын жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісін анықтады. Бұл жағдай бойынша да қылмыстық іс қозғалған.

Қостанай облысы Жітіқара ауданының полицейлері 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол 2013 жылдан бері 33 жастағы ер адамды еңбекке пайдалану мақсатында заңсыз ұстаған. Осы фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ақмола облысында монша кешенінің 40 жастағы әкімшісі ұсталды. Ол ақшалай сыйақыға клиенттерге жыныстық қызмет көрсететін қыздарды ұсынып отырған. Аталған факті бойынша жеңгетайлық және притон ұстағаны үшін әкімші мен монша кешенінің иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы, жезөкшелікпен немесе жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жай ұсынғаны үшін 13 әкімшілік құқық бұзу фактісі тіркелді.

Жеке басын анықтау үшін ІІО-ның арнайы мекемелеріне 33 адам қамалды, оның ішінде 13-і – Қазақстан азаматы, 20-сы – ТМД елдерінің азаматтары.


Соңғы жаңалықтар