СҚО тұрғыны таныстарының атынан несие алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет арқылы басқа адамның атынан несие алуға қатысты бес оқиға бойынша күдікті Қызылжар ауданының 35 жастағы тұрғынына қатысты материалдарды сотқа тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық алданғандар күдіктімен таныс болған. Әрқайсысына келген шығын 83-тен 225 мың теңге аралығында.

Барлық жағдай ұқсас. Күдікті таныстарына өзіне ақша аударылуы керектігін, ал банк картасы жоқ екендігін айтқан. Осылайша олардың банк картасының дерегін алған. Көп ұзамай жәбірленушілер картасына түскен ақшаны алып, оны уәде етілген аударым деп санап әкеп берген. Ал бір айдан кейін ешқашан алмаған несие бойынша берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарлама келген.

«Кей шағын несие ұйымдары ақша алатын адамды толық тексермейді. Ал бұл алаяқтарға ыңғайлы. Өз құрбандарының атына несие рәсімдеу үшін олардың банк картасының деректерін алса жеткілікті. Сол себепті қандай жағдай болсын ешкімге өзінің жеке және қаржылық деректерін айтпауға шақырамыз», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.

Полицейлердің айтуынша, интернет алаяқтар жиі қолданатын тағы бір тәсіл банктің қауіпсіздік қызметіне қатысты. Олар жәбірленушіге қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырады. Біреудің шотынан ақша шешпек болғанын хабарлайды. Транзакцияны болдырмау үшін SMS хабарлама түрінде телефонға келген құпия сөзді атауды сұрайды.

«Банк қызметкерлері мұндай мәліметтерді ешқашан сұратпайды. Алаяқтарға жем болмау үшін олардың осындай айлаға алданып қалмау керек. Күдік тудырған жағдайда банкпен байланысыңыз немесе банк кеңсесіне барыңыз, сондай-ақ полицияға жүгінуіңіз қажет», - дейді тәртіп сақшылары.

Жыл басынан бері облыста 39 интернет-алаяқ фактісі ашылды.


Соңғы жаңалықтар