СҚО тұрғыны өртенген үйден екі баланы және газ баллонын алып шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны өртенген үйден 11 және 6 жастағы екі баланы аман алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Аққайың ауданында өткен аптада бірден үш өрт тіркелді. 4 қазан күні аудан орталығы Смирнов елді мекенінде сағат 10.00 шамасында тұрғын үй өртенді.

«Ауыл тұрғыны қырағылық танытып, нәтижесінде екі бала аман қалды. Ер адам көлігімен өтіп бара жатып, үйдің шатырынан түтін шығып жатқанын байқап қалған. Бірден көмекке ұмтылып, үйден 2010 және 2015 жылы туған екі баланы алып шықты. Оларды көршілерге апарып, жанып жатқан үйге қайта кірген. Ондағы газ баллонын шығарып үлгерді. Қазір ол азаматты марапаттау мәселесін қарастырып жатырмыз», - дейді Аққайың аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ержан Шәріпов.

Маманның айтуынша, балалар үйде жалғыз болған. Олардың аналары ауруханада жұмыс істейді. Әкелері оны үйге алып келуге кеткен. Баспана толықтай жанып кетті.

Жыл басынан өңірде 547 өрт тіркелді, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10% артық. 40 адам мерт болды, бұл – 8% көп, былтыр осы аралықта 37 адам қаза тапты. Келген материалдық шығын 215 млн теңгеге жетті, осылайша екі есеге артып отыр. Болған өрттердің 388-і - 71% жеке тұрғын үй секторына тиесілі.


Соңғы жаңалықтар