СҚО тұрғыны мал бағып жүріп снаряд тауып алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Большая Малышка елді мекені маңында мал бағып жүрген малшы снарядқа ұқсас темір зат тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан тұрғыны бірден полиция бөліміне хабарласқан. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары табылған заттың 30 мм артиллерия оғы екенін анықтады. Арнайы контейнерге салынған жарылғыш зат екінші күні Петропавлдағы ҚР Ұлттық Ұлан Әскери институтының оқу полигонында жарылды.

«Бұл биыл табылып отырған алғашқы жарылғыш зат. Жерде көп жатқандықтан тот басқан, белгілері де көрінбейді. Сол себепті нақты қай жылдары шыққанын анықтау мүмкін болмады. Біздің болжауымызша азамат соғысынан қалған жұрнақ», - дейді СҚО ПД оқу-жаттығу взводының командирі Олег Гурский.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жарылғыш заттар бұған дейін де бірнеше мәрте Жамбыл, Мамлют және Қызылжар аудандарының аумағында табылып, жойылды. Олардың барлығы өткен ғасырдың бірінші жартысында жасалған ескі қару-жарақ.

Соңғы жаңалықтар