СҚО тұрғыны 25 жылқыны ұрлап, сонымен қарызын өтеген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 25 жылқыны ұрлады деген күдікпен Сулыкөл ауылының тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қараша айының соңында Айыртау ауданы Қаратал ауылы тұрғынының 25 жылқысы жоғалған.

Түлік иесіз, еркін жайылып жүрген. Бірер күн ауыл тұрғыны жоғалған жылқыларын өз бетімен іздейді, одан еш нәтиже болмағасын аудандық полиция бөліміне жүгінген.

Іздеуге жедел кіріскен полиция қызметкерлері Сулыкөл ауылының 45 жастағы тұрғынының ізіне түсті. Жедел уәкілдердің күдігі расталды.

Тергеу барысында бақташы болып жұмыс істейтін ер адам Сарыөзек ауылының маңында қараусыз жүрген жылқыларды көрген. Айдап әкетіп, оның кейбірін сойып, астанаға апарып сатқан.

18 жылқы сол ауданның тұрғындарынан алынды, оларды күдікті берешектің орнына әкеліп беріпті.

«Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті қазір изоляторда қамауда отыр. Ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ер адамнан 1 млн теңге алынды, сондай-ақ орманнан ұрланған 7 жылқының терісі табылды», - дейді Айыртау ауданының полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.


Соңғы жаңалықтар