СҚО тұрғындарының шамамен 21 пайызы медициналық сақтандырылмаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 116 мыңға жуығы сақтандырылмаған, бұл өңір халқының 20,8 %-ы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру бойынша облыстық штаб отырысы өтті. Жиында өңірдегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру барысындағы мәселелер қаралды.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар мен аударымдардың түсуі және халықты тарту туралы қазіргі жағдайға тоқталар болсам, 2022 жылдың 5 айында облыс тұрғындарынан Қорға 5,4 млрд теңге түсті. Жалпы жүйе жұмыс бастаған 2017 жылдан 2022 жылдың мамырына дейінгі кезеңде облыс тұрғындарынан МӘМС-ке 27,1 млрд теңге аударымдар мен жарналар түсті. Бұл ҚР бойынша түсімдердің 2,4 %-ы. Сақтандырылмаған азаматтардың саны 1 маусымға 115 661 адамды құрайды, бұл 20,8 %», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының директоры Лариса Гордеева.

Сақтандырылмаған азаматтардың ішінде жеке кәсіпкерлердің үлесі - 1 755 адам немесе 1,5 %; дербес төлеушілер - 1 201 адам немесе 1 % ; бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер - 4 952 адам немесе 4,3 %; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жалдамалы қызметкерлер мен жеке тұлғалар - 27 201 адам немесе 23,5 %. Ал 79 923 адам немесе 69 % соңғы 12 айда бірде-бір төлем жасамаған.

Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, МӘМС төлемдері бойынша берешек, 1 маусымдағы жағдай бойынша 34,1 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде Ғ. Мүсірепов және Тайынша аудандары бойынша берешек 73 %-ды құрайды.


Соңғы жаңалықтар