СҚО тұрғындарының көлік салығы бойынша берешегі 300 млн теңгеге жетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында автокөлік иелері салық бойынша мемлекетке 300 млн теңге берешек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде көлік салығын есептеу мәселесі талқыланды. СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының мәліметінше, кездесуге ведомство өкілдері, облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің, қалалық кіріс басқармасының, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері және арызы бар тұрғындар қатысты.

Бүгінде көлік салығын есептеуде бірқатар мәселе бар. Соның бірі, тұрғындардың айтуынша, полицияның базасына қате ақпараттың енгізілуі.

«Кезінде мысалы, біреу сатып алу-сату келісімшарты бойынша көлігін сатты, алайда сатып алушы жауапсыздық танытып, оны полиция органына тіркеген жоқ. Қазір ІІМ мен салық комитетінің базасы ортақ. Олар сол жерден ақпарат алып, тұрғындарға соңғы 5 жыл бойынша салықты қайта есептеп жатыр. Салдарынан жұртта жоқ көлік үшін қомақты берешек пайда болған», - дейді СҚО ПД мемлекеттік автоинспекторы Алтынбек Жамалиев.

Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жетекшісі Талғат Салкеевтің айтуынша, олар көлік салығын есептеуде өкілетті органның мәліметіне сүйенеді. Алайда кейін тұрғындар келіп көліктің сатылып кеткендігі жөнінде сатып алу-сату келісімшартын көрсетеді, бірақ іс жүзінде ол көлік есептен алынбаған.

«Егер өкілетті орган өзінің мәліметтер базасын тәртіпке келтірсе болашақта ешқандай мәселе туындамайды. 2018 жылы заңнамаға өзгеріс енгізілді. Қазір салықты біз есептеп жіберуіміз керек. Сол себепті барын түгендеп, тәртіпке келтіріп, қарыз шыққандарға хабарлама жібердік. Нәтижесінде тұрғындардың өткен жылдардан 300 млн теңге берешегі бар болып шықты», - дейді Талғат Салкеев.

Алтынбек Жамалиев базадағы мәліметтердің тексеріліп жатқандығын айтады. Осы күнге дейін 5 мың көлік бойынша ақпарат дұрысталған. Алайда олардың ішінде ескірген, мінілмейтін көліктер де болуы мүмкін. Ол үшін автомобильді тауып, тіркеу керек. Ол қосымша уақытты қажет етеді.

Кездесу соңында СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің адалдық және превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибуллин: «мемлекеттік орган қалада не ауданда орналасқанына қарамастан тұрғындарды қабылдауға, олардың өтініштерін тыңдап, мәселені шешуге ашық болуы тиіс», - деді.

Соңғы жаңалықтар