СҚО тұрғындарынан банкрот деп тануға қатысты 630 өтініш түсті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 3 наурыз бен 25 сәуір алалығында тұрғындардан банкроттыққа қатысты 630 өтініш түсті, оның 427-сі кері қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мерзімі өткен берешекті реттеу механизмі. Жеке тұлғалардың банкроттығы» тақырыбында брифинг өтті.

СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Гүлнәр Қадырбекованың айтуынша, 3 наурыздан бастап азаматтардан банкроттыққа өтініштер қабылдау басталды, қазірдің өзінде республика бойынша 47,7 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 7,9 мыңы қаралып жатыр.

«Өтініштердің 94% Электронды үкімет порталы – eGov.kz арқылы түсті, қалғаны E-salyq azamat мобильдік қосымшасы арқылы қабылданды.

СҚО бойынша 25 сәуірге дейін 630 өтініш келіп түсті, оның ішінде 91 өтініш қабылданды, 427-сі кері қайтарылды. Қазіргі уақытта 112 өтініш қаралып жатыр. Өтініштердің жартысынан астамы Петропавл қаласына тиесілі – 349, сондай-ақ Қызылжар ауданынан – 63, Айыртау ауданынан – 52, Мүсірепов ауданынан 24 түсті», - дейді Гүлнәр Қадырбекова.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңның талаптарына сәйкес 15 жұмыс күні ішінде мемлекеттік кіріс органдары өтініш берген азамат туралы мәліметтерді тексереді.

«Банктер, микроқаржы ұйымдары және/немесе коллекторлық агенттіктер алдындағы борыш 5,5 млн теңгеден – 1600 АЕК аспауға тиіс. Қарыздарды төлемеу мерзімі 12 айдан асуы керек. Мүлік, оның ішінде некеде алынған автокөлік, пәтер, үй, учаске, банктегі депозит және тағы басқасы болмауы қажет. Тағы бір шарт – қарыздар бойынша банктермен және микроқаржы ұйымдарымен реттеу рәсімі жүргізілуі тиіс», - дейді басқарма басшысы.

Банкрот деп тануға өтінім берген, бірақ шартқа сай келмейтін азаматтарға 1414 сервисінен телефон арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Мұндай жағдайда соттан тыс банкроттық критерийлеріне сәйкес өтінішті 3 айдан кейін қайта беруге болады.


Соңғы жаңалықтар