СҚО тұрғындарына ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болу ескертілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолаушылар мен жүргізушілерге жолда сақ болу ескертілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде екінші түн қатарынан жауын-шашын мен көктайғаққа байланысты жолдар жабық. Петропавлда да көктайғақ.

«Ауа райының күрт нашарлап, жолдардағы көктайғаққа байланысты барлық азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Алыс жолға шығар алдында синоптиктердің болжамы мен СМС-хабарламаларға құлақ түргендеріңіз жөн», - деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Соған қарамастан, көптеген адамдарға жолдағы қолайсыз жағдай бөгет болып отырған жоқ. Полицейлер бір күннің ішінде жол қозғалысы ережесін бұзған 500 жағдайды тіркеді. 13 жүргізуші мас күйде көлік тізгіндеген. Полицейлер жылдамдықты асырған 34 адамды ұстады. 75 жаяу жүргінші жолдың белгіленбеген жерінен кесіп өткені үшін айыппұл төлемек.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, желтоқсанның 4-інен 5-іне қараған түні 30 жүк көлігі мен екі жолаушылар автобусы жаңбыр мен көктайғақ салдарынан жолда тұрып қалды. Көлік құралдарын полицейлер күзетті.

«Омбыдан Нұр-Сұлтанға бара жатқан жолаушылар автобусының жүргізушілері көлік құралының ақауы салдарынан Аққайың ауданы Рублевка ауылына жақын жерде аялдай тұруға мәжбүр болды. Патрульдік полиция қызметкерлері Жанболат Бүркітәлин мен Диар Егізбаев жол-жөнекей көліктерге әрі қарай сапарды жалғастыру үшін 18 жолаушыны мінгізіп жіберді», - деді баспасөз қызметі.

Солтүстікқазақстандық полицейлер жолдарда автопатрульдеуді күшейтіп жатыр. Күн сайын патрульдік полицияның 30 экипажы қызметке шығады. Қызметкерлердің басты міндеті – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Автор: Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар