СҚО тұрғындары майданда қаза тапқан аталарының зиратын Ленинград облысынан тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Бақтыбаевтар отбасы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында қаза тапқан аталарының зиратын Ресейдің Ленинград облысынан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі Жамбыл, бұрынғы Преснов ауданы Ортақшыл ауылының тұрғыны Сүлеймен Бақтыбаев Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Отыздан енді асқан жігітті, бір үйдің жалғызын туған-туыс шығарып салады. Артында әйелі, бір ұл және қызы қалады. Алайда, Сүлейменге туған жердің топырағы бұйырмады. 1942 жылы шаңырағына «қаралы қағаз» келді.

«Бертін келе атамыз жайында сұрастырып, іздей бастадық. Ол кісінің суреті қалмаған, өйткені бұрын фотоға түсуді «Аллаға қарсы іс» деп түсінген. Интернетті қопарып, атамыз туралы, оның қайда жерленгені жайында мағлұмат алдық. Солай, Нұртай нағашым әйелі Майсамен бірге Ленинград облысына атамның зиратына барып, туған жердің топырағын салып келді», - дейді майдангердің жиені Самрат Құскенов.

Сүлеймен Бақтыбаев Ленинград облысы Лодейнопольский ауданы, Тененичи елді мекеніндегі бауырластар зиратына жерленген. Соғыста кіші сержант шенінде бөлімше командирі болған екен.

«Менің атам 314-ші атқыштар дивизиясы құрамында соғысты. 1942 жылы «қаза тапты» деген қара қағаз келді. Әкем Қонақ көзі тірісінде әкесінің жатқан жерін табуды армандап дүниеден өтті. Әкеміздің арманын орындау үшін іздеп таптық, топырақ салып, баба рухына құран бағыштап қайттық. Ол жақтан да бір уыс топырақ әкеліп, әкеміздің зиратына салдық», - дейді С.Бақтыбаевтың немересі Нұрлыбай Бақтыбаев.

Бақтыбаевтардың айтуынша, Тененичи елді мекеніндегі бауырластар зиратына 61 жауынгер жерленген, ішінде қазақтар да бар.

Жалпы, 40-шы жылдардың басында Жамбыл ауданына қарасты Ортақшыл ауылынан ғана 33 адам соғысқа аттанып, олардың ешбірі елге қайтып оралмады.

Келесі жылы Сүлеймен Бақтыбаевтың 110 жылдығын одан тараған ұрпақ ас беріп атап өтпекші.

Соңғы жаңалықтар