СҚО тұрғындары көлік салығы бойынша 411 млн теңге қарыз

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 15 мыңнан астам адам көлік салығы бойынша борышкерлер тізімінде. Олар мемлекетке 411 млн теңге берешек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, өңірде көлігі бар 90 мыңнан астам адам бар. 1 сәуір күні көлік салығын төлеу мерзімі аяқталды. Сәуір айынан осы күнге дейін 6 мың тұрғын 106 млн теңгеге жуық төлем жасаған. Әлі 15 мың көлік иесі салық төлеуі тиіс. Олардың 26 мамырға дейін қарыздан құтылуға уақыты бар. Кейін өтелмеген әр күнге өсімпұл қосылады.

«26 мамырдан бастап берешегі 1 АЕК-тен асатын борышкерлердің тізімі сот орындаушыларына мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін жіберіледі. Уақытында төлемеген салық төлеушінің мүлкіне тыйым салады, банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады», – дейді СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Сұңғат Қоспаев.

Маманның айтуынша, заңға сәйкес, сот орындаушылары банктегі есепшот пен мүлікті бұғаттауға құқылы. Автокөлік иесінің қарызы 40 АЕК, яғни 138 мың теңгеден асса, елден шығуына тыйым салынады.

Борышкер берешегін өтегеннен кейін сот орындаушыға атқарған қызметі үшін өндіріліп алынған соманың 25% дейінгі көлемде ақы төлеуі тиіс.


Соңғы жаңалықтар