СҚО тұрғындары бюджет қаражаты қайда жұмсалып жатқанын бақылай алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Ашық бюджет» жобасы жүзеге асырылады. Бұл жаңашылдық тұрғындарды бюджет қаражатының қалай жұмсалғанынан хабардар етеді.

СҚО әкімдігінің отырысында «Қызылжар - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы талқыланды. Аталмыш жоба аясында өңірде бірқатар жаңашылдықтар енгізілмек.

Атап айтқанда, өңірде «Ашық бюджет» жобасы жүзеге асырылмақ. Әкімдіктердің интернет сайттарында азаматтар бюджеттің қалай жұмсалып жатқанын, салық төлеушілердің ақшасы қайда бағытталатынын көре алады. Интерактивті карта жасалуда, ол жерде құрылыс және жөндеу жұмыстарының орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік туады. Өңір басшысының тарапынан бұл жобалар қолдау тапты.

«Қызылжар - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің барлық ұсыныстарын қолдаймыз. Бізге үш бағыт бойынша жұмыс жасау керек: мемлекеттік қызметтерді көрсету, электрондық жүйеге көшу, құрылыс және жөндеу жұмыстарын қадағалау. Елбасының тапсырмасына сай биыл өңірде әлеуметтік нысандарды жөндеуге қыруар қаражат бөлінбек. Осының барлығын тексеріп, қадағалап отыру қажет. Жергілікті әкімдіктердің сайттарында «Ашық бюджет» жобасын іске қосып жатырмыз. Әр адам бюджеттің қалай игеріліп жатқанын көре алады», - деді аймақ әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының тапсырмасына сай аудан әкімдері және басқарма басшылары әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашуда. Бұл мемлекеттік органдардың ашық болуына, азаматтардың өтініштерін жылдам қарауға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар