СҚО тұрғындары бас полицейге қандай арыз-шағыммен жүгінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев тұрғындарды онлайн қабылдап, әр өтініш бойынша жан-жақты тексеру жүргізуге тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан өңірдің бас полицейінің жеке қабылдауында 159 адам болған.

Бұл жолы «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі» алаңында 5 адам онлайн форматта өз мұқтаждықтарымен бөлісе алды.

Олар негізінен сотқа дейінгі тергеу фактілері бойынша жүгінді.

«Келіп түскен әр өтініш бойынша жан-жақты тексерулер жүргізу қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципі әр басшының басты ұстанымына айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған әділ тергеуді қамтамасыз ету. Онлайн-қабылдаулар өткізу тәжірибесі індет басталғалы ұйымдастырылып келеді. Бұл шектеу шараларына қарамастан, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етіп, халықпен байланыста болуға мүмкіндік береді», - дейді СҚО полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев.

Өңірдің бас полицейіне хабарласқандардың бірі – Петропавлдың 47 жастағы тұрғыны. Ол машина сатып алуға көмектесемін деген Алматы облысының тұрғынына 300 мың теңге ақша аударған.

Алайда уәде етілген көмек көрсетілмеген. Енді бір жылдан бері ақшасын қайтара алмай жүр. Сотқа дейінгі тергеу мерзімі тоқтатылған.

Марат Төлебаев тергеудің толықтығын қамтамасыз етіп, қылмыстық істі қайта қарауды тапсырды. Оңтүстік өңірдің тұрғыны анықталып, жауап алынады.

Барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралардың нәтижесінен кейін ғана процестік шешім қабылданатын болды.

Тағы бір облыс тұрғыны көршісімен жанжалдасып қалған. Алайда осы мәселеге қатысты шығарылған шешіммен келіспейді.

Ведомство басшысының тапсырмасы бойынша облыстық полиция қызметкерлері Тайынша ауданындағы ауыл шаруашылық техникасына қатысты көршілер дауы бойынша қосымша тергеу амалдарын жүргізуі қажет.

Сондай-ақ, бұл күні аумақтық полиция бөліністерінің басшылары да қашықтан қабылдау өткізді. Оған 50 адам өз өтініштерімен жүгінді.


Соңғы жаңалықтар