СҚО тұрғындары «банк қызметкерлеріне» жиі алданады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны интернет-алаяққа жем болып, 140 мың теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 маусым күні кешкісін белгісіз адам 42 жастағы Петропавл қаласының тұрғынына хабарласқан. Өзін банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырған ол, әйелге шоттағы қаражатын жымқыру әрекеті тіркелгенін айтқан. Қылмыскердің жолын кесу үшін карточканың нөмірі мен CVV-кодты сұраған. Әбірге түскен әйел қаскөйге барлық деректі жайып салған. Бұдан кейін шотындағы 140 мыңнан астам теңге шынымен де жоқ болған. Қала тұрғыны полицияға арызданды. Қазіргі уақытта қылмыскер іздестіріліп жатыр.

«Бүгінгі таңда алаяқтықтың бұл түрі кең таралып отыр. Қылмыскерлер жәбірленушіні мақсатты түрде таңдайтын жағдайлар да кездеседі. Бірақ көбіне олар телефон нөмірін кездейсоқ тереді және қай банктен хабарласып тұрғанын айтпайды. Адамдардың бәрі бірдей алаяқтардың айла-амалдарына түсе бермейді. Бұл – Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің ақпараттық жұмыстарының нәтижесі. Банктің қауіпсіздік қызметі ешқашан дербес және қаржылық деректерді сұратпайды. Карточка нөмірі мен CVV-код арқылы шоттағы ақшаны шешіп алу қиындық туғызбайды. Сол себепті оларды ешкімге айтуға болмайды», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдікті хабарламалар түскен кезде call-орталықтар мен банктердің «шұғыл желісіне» және «102» арнасына хабарласу қажет.

Жалпы, жыл басынан облыс полицейлері 29 интернет-алаяқтық фактісін ашты.


Соңғы жаңалықтар