СҚО трассасында жүк көлігі жанып кетті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында республикалық автожолда жүк көлігі толық жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданы Келлеровка елді мекенінің маңында IVECO жүк көлігінен өрт шыққандығы жөнінде хабар «101» нөміріне сағат 11.36 минут кеткенде түскен.

Мамандар келген кезде көліктің қозғалтқыш бөлігінен шыққан жалын оның тіркемесіне ауысып, толық жайылып үлгерген. Машина толық жанып кетті.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі өрт кезінде ешкімнің зардап шекпегенін растады.

«Жүк көлігі Петропавлдан шығып, Тайыншаға бара жатқан. Бос болған. «Петропавл-Астана» автожолының 382 шақырымында фура жана бастаған. Алдын ала болжам бойынша, өрт сымдардың қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Рульде отырған ер адам аман, зардап шеккен жоқ. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері сол жерде қазір жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Өңір құтқарушылар соңғы кезде автокөлікте болатын өрттердің көбейгенін айтады. Мәселен былтыр осындай 5 өрт тіркелсе, биыл жыл басталғалы 10 автокөлік өрттен зақымданған.


Видеодан алынған кадр






Соңғы жаңалықтар