СҚО: Тайынша ауданының шалғай ауылдарында «Медицина жақын» акциясы өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО Тайынша ауданының шалғай ауылдарында республикалық «Медицина жақын» акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәуірдің 23-і мен мамырдың 6-сы аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Медицина жақын» акциясы өтіп жатыр. Іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырды. Мақсат - емханасы, тіпті, дәрігері жоқ шалғайдағы ауылдарға білікті мамандарды жіберіп, алыстағы ағайынның денсаулығын тексеру, медициналық көмек пен кеңес беру.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тайынша ауданаралық ауруханасының дәрігерлері аудан орталығынан 100 шақырымдай қашықта орналасқан Тихоокеан ауылдық округіне сапар шекті. Бригада құрамында мобильді ЭКГ, зертхана мен жылжымалы рентгендік флюрографиялық транспорт және акушер-гинеколог, хирург, педиатр, невропатолог, офтальмолог және жалпы практика дәрігері - барлығы 13 маман бар. Олар халыққа ем-дом жасап қана қоймай, тегін медициналық қызмет көрсету мен міндетті әлеуметтің медициналық сақтандыру аясында қандай көмек қолжетімді болатыны жайлы ақпарат берді.null

«Тегін қан тапсырдық, қан қысымымызды өлшеп берді. Аппараттарға түстік.

Мамандардан дәрі-дәрмек жаздырып, кеңес алдық. Әрине, өте ризамыз келгендеріне. Өйткені, ауруханаға арнайы баруға уақыт та, қаражат та бола бермейді», - дейді тұрғындар.

Дәрігерлер ауылдық медициналық пункт пен мектепке орналасып, тұрғындарды қабылдады. Сондай-ақ жүріп-тұра алмайтын 6 науқас пен жаңа босанған жас ананың үйінде болды.

«Жалпы таңертең сағат 9-дан түскі екіге дейін 263 адамды қабылдап үлгердік. Тұрғындар көбіне невропотологке көп қабылданған және жалпы практикалық дәрігерге қаралған. Арасында балалар өте көп. Буын ауруларын анықтадық және бір тұрғында бауырында ісігі болуы мүмкін деген диагноз қойылып, ол адам аудан орталығына тексерілуге жіберілді», - дейді Тайынша ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бәтес Латиф.

«Медицина жақын» республикалық акциясы облыстың басқа елдімекендерін де қамтымақ.

null

Соңғы жаңалықтар