СҚО су қоймаларына биыл 35,5 млн балық дернәсілі жіберілмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Сергеев су қоймасына бүгін мемлекеттік тапсырыс аясында 30 млн астам балық дернәсілі жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл балық тәлімбағы» кәсіпорны биыл мемлекеттік тапсырыс аясында Сергеев және Петропавл су қоймаларына 35,5 млн сиг балықтарының дернәсілін жіберуі керек. Бүгін арнайы комиссия алты ай бойы өсірілген балық дернәсілін қабылдап алды. Комиссия құрамына балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері, жергілікті атқарушы билік органдары, балық шаруашылығы институтының және қауымдастықтың мамандары кірген.

«Су қоймасына жіберілетін дернәсілдердің санына ғана емес, сапасына да мән береміз. Олар белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс. Микроскоп арқылы көрдік, дернәсілдердің күйі жақсы, көлемдері сәйкес келеді, енді олар автокөлікпен Сергеев су қоймасына жөнелтіледі. 30 млн дернәсіл су қоймасына жіберілуі тиіс. Дернәсілдер міндетті түрде үш сағат ішінде жеткізу қажет, одан ұзақ уақытқа олар шыдамайды», - дейді «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Марат Есімсейітов.

Сиг балығының дернәсілі инкубациялық цехтағы бассейндерде арнайы аппаратпен өсірілді. Су жәндіктеріне қолайлы жағдай жасалды. Мамандардың айтуынша, цехтың ішіндегі ауа температурасы + 1 градус, судың температурасы+ 6-7 градустан төмендемеуі тиіс.

«Қазір біз дернәсілдерді есептейміз. Мына 10 литрлік шарада қанша дернәсіл барын анықтау үшін біз математикалық әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Ең алдымен 100 мл сынама аламыз. Ыдысқа дернәсілдерді жинаймыз да арнайы шыны табаққа құйамыз. Мұны енді комиссия мүшелері санайды, әрқайсысында шамамен 100-200-ге жуық дернәсіл болуы мүмкін. Сонда орташа есеппен 10 литрлік шарада 100 мыңға жуық болады», - дейді инкубациялық цех меңгерушісі Анастасия Молоткова.

Өңірде балықтандыру жұмыстары екі күнге шақталған. Ертең Петропавл су қоймасына сиг балығының 5 млн дернәсілі жіберілмек.

СҚО-да былтыр су қоймаларына балықтың 44 млннан астам дернәсілі жіберілген екен.

Соңғы жаңалықтар