СҚО шаруаларына көктемгі егіске 71 мың тонна арзандатылған дизель бөлінді
2022 жылғы 16 сәуір 22:07

СҚО шаруаларына көктемгі егіске 71 мың тонна арзандатылған дизель бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына көктемгі егісті мерзімінде атқару үшін арзан бағада 71 мың тонна дизель отыны бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 сәуірде СҚО-ға келген ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңір тұрғындарымен кездесті. Қаңтар айында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуға шекті бағаны 180 күнге белгілеген еді. Бұдан басқа, Президенттің жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасына орай бірқатар шара қолға алынады.

«Болашақта мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтық және транспаренттілік қамтамасыз етіледі, ірі тұтынушылар – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ базасында 150 мың тонна көлемінде және «ҚТЖ» АҚ базасында 50 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резерві құрылады және ҚР аумағынан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу 6 айға ұзартылады», - деді министр.

Сондай-ақ кездесу барысында Болат Ақшолақов көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель отыны бөлінгенін жеткізді. Мұнай өңдеу зауыттары тоннасының бағасы 212 мың теңге болатын 400 мың тонна дизель отынын қалдырды. Оның 71 мың тоннасы СҚО-ға беріледі. Бұл ел бойынша бөлінген көлемнің 5-ші бөлігі.

«Қазіргі уақытта ауылшаруашылық тауарын өндірушілер нарығын реформалау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің деректер базасы құрылып жатыр. Оған байланыс деректері, егістік жерлердің жалпы аумағы, жанар-жағармайға қажеттілік көрсетіледі. Бұдан бөлек отын бөлу үшін электронды-ақпараттық жүйе енгізілмек, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне мұнай базаларынан немесе ресурс ұстаушылардан мұнай өнімдерін өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді», - деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT