СҚО шаруалары Astana Agro Forum-да екі аталым бойынша жеңімпаз атанды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық шаруалардың еңбегі еленіп, «ASTANA AGRO FORUM - 2018» республикалық форумында марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада агроөнеркәсіп кешенінің дамуына арналған «ASTANA AGRO FORUM - 2018» республикалық форумы өтті. Форум барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Өмірзақ Шүкеев 8 номинация бойынша үздіктерді марапаттады. Оның ішінде екеуі - СҚО өкілдері.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, агрофорумда Елбасының тапсырмасына сай еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығының қайта өңделген өнімдерінің экспортын ұлғайту мәселелері қаралды.

Агрофорумға СҚО-ның үлгілі шаруашылықтары да шақырылды. Соның бірі - «Атамекен-Агро». «Ақылды» технологияларды ауыл шаруашылығына алғашқылардың бірі болып енгізіп, енді соның жемісін көріп отырған шаруашылық қазір өз саласында цифрландыру бойынша үздік кәсіпорын болып есептеледі. Егіс алқаптарына минералдық тыңайтқыш сіңіруде, зиянкестермен, арамшөппен күресуде, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжауда «ақылды» технологияның маңызы орасан.

«Атамекен-Агро» агрофорумда «АӨК-ті цифрландырудың көшбасшысы» номинациясын жеңіп алды. Шаруашылықты цифрландырудың нәтижесінде серіктестікте еңбек өнімділігі соңғы 4 жылда 2 есеге артты.

Тағы бір бас жүлде білікті диқан Сейілбек Махметовке бұйырды. Айыртау ауданындағы «Бабық-Бұрлық» серіктестігі «АӨК өнімі өндірісінің рекордшысы» атағына ие болды. Биыл «Бабық-Бұрлық» гектарынан 62,5 центнерден бидай алып, рекордты жаңалаған болатын. Жалпы, шаруашылық бойынша орташа өнімділік әр гектарға 40 центнерді құрады.

«Бабық-Бұрлықтың» басшысы Сейiлбек Махметов - облыстағы үлгi тұтар азаматтардың бірі. Оның шаруашылығында орташа еңбекақы - 141 мың теңге. Қазiр Төменгi бұрлық ауылында барлық тұрғындарға жағдай жасалуда. Ауылдықтардың үйлерiне орталықтандырылған жылыту жүйесi тартылмақ. Келесi жылы жұмысшыларға үйлер салынады.

Автор: Ақерке Қабыкеева

 

 

 

Соңғы жаңалықтар