СҚО прокурорлары 70 елді мекенде тұрғындарды қабылдап жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Мәңгілік елдің «Заң керуені» акциясы аясында өңір прокурорлары елді мекендерді аралап, тұрғындарды қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде алғаш өтіп отырған акция облыс әкімдігінің, «Nur Otan» партиясы филиалының және облыстық Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен ұйымдастырылды.

«Мақсат - заңнамаларды түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, халыққа жедел құқықтық көмек көрсету және прокуратураның құқықтық рөлін арттыру. Халықты тыңдап, кей мәселелерін сол жерде шешіп беру мақсатында прокурорлар ел арасына шықты. Таңғы 8-ден 86 прокурор 86 елді мекенде қабылдау жүргізіп жатыр», - дейді облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов.

Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын негізге ала отырып жасалған іс-шара Қызылжар ауданынан бастау алды. Бескөл елдімекенінде қадағалаушы органның өкілдері халық көп шоғырланған базарда, «Болашақ» сауда кешенінде, Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындармен кездесуде. Акцияға облыстың прокуратура органының барлық жеке құрамы, Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті СҚО басқармасының мамандары жұмылдырылды.

Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетовтың төрағалығымен жедел штаб күні бойы жұмыс істейді. Тұрғындар іс-шара барысында тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік сала, еңбек құқығын қорғау, жер заңнамасы, азаматтық-сот қадағалау, тергеу және анықтау мәселелері бойынша арыз-шағымдарын айтып, кей мәселелер сол жерде шешімін тауып жатты. Жалпы, келіп түскен сұрақтар бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеледі.

Прокурорлардың айтуынша, «Заң керуені» акциясы алда өңірдің барлық елді мекендерін қамтымақ.

Соңғы жаңалықтар