СҚО полициясында 400-ге жуық қыз-келіншек қызмет атқарады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде 400-ге жуық қыз-келіншек еңбек етсе, мереке қарсаңында олардың 35-і марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қатарында ерлермен бірге погон таққан 374 әйел қызмет атқарады. Оның ішінде 14-і басшы лауазымында. Бұдан басқа 94 әкімшілік мемлекеттік қызметші әйел және 254 ерікті жалдамалы құрам еңбек етеді.

Полиция департаменті жеке құрамының ерлер қауымы әріптестерін келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

«Нормаланбаған жұмыс күні, тәуліктік кезекшілік, жедел-іздестіру іс-шаралары, патрульдеу мен рейдтер - әйелдер жұмысты ерлер қатарлы мінсіз орындайды. Сондай-ық, толық талдауды, ұқыптылықты, шыдамдылықты талап ететін жұмысты атқаруда олардың орны бөлек. Әр әйел қызметкердің үлесі үлкен ұжымның сан қырлы жұмысында жоғары бағаланады», - деп атап өтті СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

Марат Төлебаев 35 нәзік жанды қызметкерді медальдармен, грамоталармен, төс белгілермен, алғыс хаттармен марапаттады. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы полиция подполковнигі Динара Айтқожина, ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен СҚО ПД емханасы бар госпитальдің терапия бөлімшесінің меңгерушісі Елена Гофман марапатталды. Сонымен қатар, СҚО әкімінің Құрмет грамотасымен СҚО ПД қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бас маманы Алтынай Қожабаеваның еңбегі атап өтілді.

Марапатталғандардың қатарында ішкі істер органдарының ардагер әйел қызметкерлері, офицерлердің зайыптары, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жарлары болды.


Соңғы жаңалықтар