СҚО Полиция мұражайында майдангердің қолдан жасалған қасығы сақтаулы

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің музейінде 4 мыңнан астам жәдігер сақталса, соның бір бөлігі Ұлы Отан соғысына қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінің музейіндегі ерекше экспозицияның бірі – Ұлы Жеңіске арналған. СҚО ішкі істер органдарында әр жылдары 771 майдангер қызмет атқарған екен. Олардың көпшілігі соғыстың сарқыншағы – гимнастеркасын, қару мен оқ- дәрілерін музейге тапсырған. Жәдігерлердің ішінде ардагерлердің жеке заттары да бар. Келушілерді әсіресе осы бұйымдар қатты қызықтырады.

«Құжаттар мен сирек кездесетін фотолардан басқа жауынгерлердің майдан даласында күнделікті ұстаған бақыраштары, фляжкалары, тіпті қасықтары да бар. Солардың бірі – қолдан жасалған алюминий қасық. Бұл қасықты Брест қаласының түбіндегі ұрыстағы сирек демалыстардың бірінде командиріне арнап жауынгерлердің бірі жасаған екен. Оның ерекше ықыласпен жасалғанын көруге болады. Үйде күтіп отырған сүйікті жарына аман-есен оралуына тілектестігін осылай білдірген», - дейді СҚО ПД музейінің меңгерушісі Любовь Осинская.

Қасықты музейге ішкі істер органдарының ардагері Александр Понуровский сыйға тартты. Александр Фролович 1940 жылы әскер қатарына шақырылған. Батыс майданда соғысып, 1942 жылы ауыр жарақат алады. Емделгеннен кейін Брестті, Гомельді алуға, Белоруссияны, Польшаны, Шығыс Германияны азат етуге қатысады.

Елге аға лейтенант шенінде оралған жауынгер соғыстан кейінгі жылдары милиция қатарында қызмет атқарды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде ішкі істер органдарында қызмет еткен 771 майдангердің тек үшеуінің ғана көзі тірі. Жеңіс күні қарсаңында полиция басшылығы мен жеке құрам олардың әрқайсысына, сондай-ақ 14 тыл еңбеккері мен соғыс ардагерлерінің үш жесірінің үйлеріне құттықтап барады.


Соңғы жаңалықтар