СҚО Полиция департаментінің басшысы депутаттар алдында есеп берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары алдында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысы көшпелі есепті Мамлютка қаласында ұйымдастырып, полиция қызметінің ашықтық және айқындылық принципі бойынша жұмысын көрсетті. Депутаттар жиналысқа дейін аудандық бөлімшені аралады. Оларға патрульдік машиналардың жабдықталуы, цифрлық технологиялардың енгізілу барысы, 70 камера орнатылған бейнебақылау орталығының жұмысы көрсетілді.

Сондай-ақ нспектор-кинолог Тілек Мәкенов есірткі заттарын табуда із кесуші ит Амигоның жұмысын көрсетті. Депутаттар Пригородный ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Қадырбек Исиннің планшетімен танысты. Құрал камераларға қосылған, одан тәртіп сақшысына бекітілген аумақты көруге болады. Ауданда екі патрульдік машина қажетті құрал-жабдықтармен жолда қалғандарға немесе судағы төтенше жағдайда көмек көрсетуге дайын тұр. Аудандық полиция бөлімінде заманауи фронт-офис те жұмыс істейді.

Өңірлік полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаев депутаттарды ҚР Президентінің Жолдауын және 2019 – 2020 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру бойынша атқарылған шаралар туралы хабардар етті. Сондай-ақ облыстағы криминогендік жағдаймен таныстырып, қоғамдық тәртіпті сақтауда, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, қылмыстарды алдын алу мен ашу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы ақпараттандырды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко ведомство жұмысына оң бағасын берді.

Жыл басынан полицияның аумақтық органдары жетекшілерінің, учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен мыңнан астам кездесу өтіп, оған 62 мыңнан астам адам қатысты. Бұл тұрғындармен «кері байланыс» орнатуда таптырмас шара.

Кездесу қорытындысы бойынша депутаттар облыс орталығында жол белгілерін орнатуға және жергілікті полиция қызметінің жұмысына қатысты қызықтырған сұрақтарын қойды. Жалпы, халық қалаулылары облыстың полиция бөліністерінің жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта материалдық-техникалық нығайту мәселелерін қолдауға дайын екендігін білдірді. Мамлют ауданы Полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов қатысушыларға аудандық полицияның бастамасымен құрылған аудан және селолық округтер қоғамдық кеңесінің жұмысы туралы ақпарат берді. Қоғамдық кеңестің араласуымен 24 адам маскүнемдіктен емделуге наркологиялық орталыққа жіберілді. Іс-шара соңында Қоғамдық кеңестің аса белсенді өкілдері Полиция департаментінің алғыс хатымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар