СҚО полицейлері жасөспірімдерді жұмысқа алу мәселелерін түсіндірді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік күрес» ұлттық ақпараттық кампания аясында түрлі іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік күрес» атты акцияның мақсаты – тек жасөспірімдердің ғана емес, сондай-ақ ата-аналар мен 18 жасқа толмағандарды жұмысқа алуға әзір кәсіпкерлердің құқықтық сауаттығын арттыру.

«Бұл маусымдық мәселе. Петропавлда жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер көбіне дәмханаларда және базарларда жұмыс істейді. Өкінішке қарай, жұмыс берушілер баланың жас мөлшеріне сай келетін жұмыс жағдайын жасамайды. Ювеналдық полицейлер түсіндіру жұмыстарымен қатар кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қатысты құқық бұзушылықтарды анықтайды», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

12 күндік кампания аясында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» секілді рейдтер ұйымдастырылады. «Балаларды бірге қорғайық» ұранымен тәртіп сақшылары қалалық мәдениет және демалыс саябағын, базарлар мен қоғамдық орындарды аралап өтті. Ювеналдық полицейлер жасөспірімдер жұмыс істеуі мүмкін орындарды тексерді, балалар еңбегін пайдаланудың алдын алу мақсатында халықпен профилактикалық әңгіме жүргізді. Балалардың мүдделерін қорғау мәселелері бойынша жадынамаларды табыс етті. Ал сынып жетекшілері және ата-аналар қауымдастығымен ақпараттық жұмыс қашықтықтан жүргізілуде.

18 жасқа толмағандарды жұмысқа алуда бірнеше талапты ескерген жөн. Тәртіп сақшылары балалардың түнде жұмыс істей алмайтынын, олардың ой-өрісінің дамуына қауіп төндіретін ауыр жұмыстарды тапсыруға болмайтынын еске салады. 16 жасқа дейінгі жасөспірім үшін ата-аналардың бірі еңбек шартына қол қоюы керек. 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, 16 жастан 18 жасқа дейін - аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс. Басқа шектеулер де бар. Мәселен, жұмыс оқу процесіне зиян келтірмеуі керек, 18 жасқа толмағандарға толық материалдық жауапкершілікті жүктеуге болмайды.


Соңғы жаңалықтар