СҚО полицейлері үш елікті заңсыз атқан күдіктіні ұстады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында үш елікті рұқсатсыз атқан күдікті ұсталды. Қызылжар ауданының 33 жастағы тұрғыны заңсыз аң аулағаны үшін енді 40 тәулікке дейін қамалуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері рейдтік іс-шаралар кезінде Смирново мемлекеттік табиғи қорығының аумағында ағаш арасындағы алаңқайда жаңа ғана мүшеленген 3 еліктің етін тапқан. Оқиға орнынан заттай айғақтар алынды.

Жедел-іздестіру барысында Қызылжар ауданында учаскелік инспектор нөмірлік белгісі мен тіркеу құжаттары жоқ қарда жүргіш техникамен келе жатқан 1986 жылы туған тұрғынды тоқтатқан. Тергеу барысында заңсыз аңшылық жасау фактісінің барлық мән-жайы анықталады. Қарда жүргіш техника алынды.

«Биыл заңсыз аң аулаудыңекінші фактісі тіркелді. Алғашқысы да Қызылжар ауданында болды,ол кезде бір елік заңсыз ауланған болатын», - дейді СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы Сергей Липко.

Аталған факті ҚР ҚҚ 337-бабы 1-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұл бап бойынша 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қолданылады.

Мамандардың есебінше, мемлекетке келтірілген шығын сомасы 5 млн 680 мың теңгені құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар